Күнгейлік кәсіпкерлер түркиялық инвесторлармен кездесті

321

Күнгейдегі кәсіпкерлік саласы түркиялық инвесторлардың қызығушылығына ие болды. Тіпті шетелдіктер жергілікті жобаларды қаржыландыруға құлық танытып отыр. Анталиядан келген қонақтардың назары алдымен Оңтүсіктегі ауыл шаруашылығы саласы, ондағы бастауыш және орта кәсіпкерлікке ауды. Күні кеше өңіріміздегі бірқатар өндіріс орындарымен танысқан топ, бүгін біздің кәсіпкерлермен етене танысты. Үстел басына жиналып, жоспар түзді, тың жобаларды талқылады.

 

Шымкенттік кәсіпкерлер Түркиядан келген әріптестерімен әңгімелесу үстеліне жиналды. Бетпе-бет отырып, инвестиция тартуға лайықты кәсіпорындарды талқылады. Анталиядан арнайы келген кәсіпкерлер делегациясы жобалардың арасындағы болашағы табысты тың жобаларды таңдауға кіріскен. Шетелдік бизнесмендермен әріптестік қатынасты орнатып, оны дамытуға жерлесіміз Алмагүл Әлімбаева да құлықты. Кәсіпкердің нан өнімдерін ашытқысыз пісіретін наубайханасы бар.

Алмагүл Әлімбаева, кәсіпкер: «Менің кәсіпорным нығыздалған, ашытқысыз жабылатын нанды пісіреді. Яғни, кәнігі ашытқының орнын мың бір дертке дауа құлмақ алмастырған. Құлмақтың құрамында адам ағзасына пайдалы аминқышқылының 28 түрі бар. Ешқандай қоспасыз дастарханға ұсынылатынын да ерекше атап өткім келеді. Ал қаламызда ең алғаш аталған нанды 1996 жылы пісіре бастадық, қазір өнімнің 37 түрін пісіруге қауқарлы болғанымызбен, қаржылық қиындықтарға байланысты әзірге 8-ін ғана ұсынып отырмыз. Ал Түркиядан бізге заманауи техникалық қондырғылар қажет, ендігі кезекте бүгінгі бастама мен үшін таптырмас мүмкіндік деп білемін.»

Бір емес, жиынға қатысқан барша жергілікті кәсіпкерлерді түркиялық заманауи технология қызықтырды. Бастама нарықтағы сұранысқа жауап қатып, кәсіптің аясын кеңінен дөңгелетуге жол ашпақ. Сондай-ақ, шетелдік меймандар арасында өндіріс, ауыл шаруашылығы саласына ауадай қажет техникалық қондырғыларды дайындайтын кәсіпорынның иелері де табылды. Сондықтан, түріктер ең алдымен шағын және орта кәсіпкерлік, ондағы ауыл шаруашылығы секторына назар салды.

Хасанли Генен, Анталия индустриалды аймағы басқармасының өкілі: «Әңгімелесу барысында біз мемлекеттің бизнес саласына қаншалықты көңіл бөліп жатқанына куә болдық. Өңірде ірі қаржылық қолдау мен мол мүмкіндіктер және тың жоалар да жолға қойылған. Сондықтан біз әріптестік байланысты қуана орнатуға бекініп отырмыз. Менің кәсіпорным топырақты тыңайтумен айналысады. Біз бүгін бірқатар қызықты ұсыныстарды қабыл алдық».

Қысқасы, түркиялық инвесторлар әріптестік байланыс орнатып, біздегі жобалармен етене танысуы үшін аз-кем уақыт қажет дегенді алға тартты. Қазір олар өзге де елдердің жоспарларымен танысуды көздеп отыр. Содан кейін ғана, күнгейдің тың жобасын қаржыландыруға шешім қабылдайды.

Айта өтейік, бұл — шымкенттік кәсіпкерлердің түркиядағы әріптестерімен өткен алғашқы кездесуі емес, ақпан айында бір емес, 12 түркиялық кәсіпорынмен әріптестік-келіссөз жүргізіліп, жүзеге асқан. Арасында бірлескен жоба — кептірілген жеміс қақтары мен азық-түлікке арналған қаптама және жылыжайға арналған жабдықтарды өндіру, құрғақ құрылыс қоспаларын дайындау компаниялары бар.