Күнгейде «Көктем әуендері» әуеледі

533

Облыстық опера және балет театры күнгейліктерді көктемгі мерекелермен құттықтап, ән-тартуын жолдады. «Көктем әуендері» атты айтулы сырлы кеште қазақ халқының ғана емес, әлемнің әйгілі шығармалары орындалды. Бекзат өнердің қазіргі рухани белес-бейнесін біздің түсірілім тобы да тамашалап, тыңдап қайтқан еді.

Қайрат Құлыншақов

Қайрат Құлыншақов! Кейіпкерімізді көпшілік опера әншісі ғана емес, күнгейдегі бекзат өнерді дәріптеп жүрген театрдың режиссері ретінде де жақсы таниды. Сахна алдындағы дайындығын пысықтауға кіріскен тәжірибелі маман бүгінгі кештегі күйінің бөлек екенін жасырған жоқ. Себебі өзге емес, өзіміздің туынды – «Қыз Жібек» шығармасынан үзіндіні орындайды. Орындайды дейміз-ау, оқиғадағы Шегенің жан-дүниесіндегі «дүлейді» жеткізбек.

Қайрат Құлыншақов, облыстық опера және балет театрының әртісі: «Шегенің термесін орындау үшін алдымен оның сырын, бойындағы қасиеттерін меңгердім. Сосын Жібек пен Төлегеннің жай-күйіне үңіліп, оны өлеңмен ұқтыратын ақын ғой, сондықтан, кейіпкерімнің жанындағы жанайқайды жеткізу үшін жоғары ноталарда өте шебер ән орындау керек. Осы бір қасиеті маған қиынға соқты».

“Көктем әуендері” сазды-лирикалық кешіне өнерпаздар 1 ай уақыт дайындалған. Сезімнің сұлулығы мен қоғамдағы шынайы өмір, ондағы адамның ақ пейілі көрініс тапқан туындыларды тамашалауға келген көпшіліктің де қарасы қалың. Оларға арнап театр әншілері қазақ және әлем жаһұттары – Латиф Хамиди мен Джордж Бизенің шығармаларын шырқады. Моцарт пен Жұбановтың жүрекжарды еңбектері де етене дәріптелді. Ал ұйымдастырушы тарап – облыстық опера және балет театры басшылығының айтуынша, кештің әсерлі өрбуі үшін қордағы сазды аспаптардың қауқар-қабілетін еңсеруге тура келген.

Әбдіхан Нұрмағанбетов, облыстық опера және балет театрының директоры: «Кештің ерекшелегі – бұған дейін шығармалар түрлі аспаптардың немесе өзге де сазды дүниелермен жекелей орындалып келсе, қазір барлық ән толғымен тек симфониялық оркестрмен ұсынылды. Мәселен, виоланчель дауысты анық көрсетеді, ал скрипка әншінің жан-дүниесіндегі тебіреністі ұқтырады дегендей. Сол үшін әндерді театрдағы барлық аспаптардың сүйемелдеуімен көрерменге тарту еттік».

Айта өтетін ақпарат, облыстық опера және балет театры көктемгі қуаныш сезімдері баяндалатын сазды шарада көпшілікке 20 шығарма ұсынды. Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өткен кешке ұжымдағы шығармашылық топтың барлығы – 126 адам жұмылыпты. Енді сезімге тұнған тұщымды бағдарлама алдағы аптада тыңдарман қауымға қайта қойылатын болады.