Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотта дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға арнайы шақырылған кәсіпкерлер палатасы, әкімдіктер мен өзге де құзырлы орган өкілдеріне 1 наурызда ресми жарияланған заңның әр тармақтарына қатысты түсініктеме берілді. Әсіресе кәсіпкерлікке жағдай жасау және банк қызметтерін жетілдіруге қатысты тармақтар осы салада орын алатын дауларды тез арада заң шеңберінде шешілуін оңтайландырады десті жиналғандар.
2017 жылдың ақпан айында Қазақстанда азаматтық кодекс, азаматтық процесуалдық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Наурыздың 1-жұлдызында ресми басылымдарда жарияланған заңдар осы айдың 12-нен бастап қолданыста болады. Басты құжатқа өзгерістер мен толықтырулар кәсіпкерлікті қолдау және банктік жүйені жетілдіру мақсатында енгізілген.
Бауыржан Диханбаев, ОҚО ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттың төрағасы: «Наурыздың 12-нен күшіне енетін заң даулы мәселелерді шешуге ықпал ететіні сөзсіз. Кәсіпкерліктің жағдайын жақсарту мақсатында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру үшін бүгін әкімдік, кәсіпкерлік палата, жер қатынастары мен судьялар, ішкі істер органы өкілдерін арнайы шақырдық. Оларға заңнамаларда өзгеріске ұшыраған тармақтар бойынша түсініктеме береміз.»
Мамандардың айтуынша, облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотта былтыр қаралған даулардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алуға қатысты болған.
Бауыржан Диханбаев, ОҚО ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттың төрағасы: «Қаралған мәселелер — жер дауы, мемлекеттік сатып алу, салыққа қатысты болды.»
Дөңгелек үстелген арнайы шақырылғандар — заңның жергілікті жерлерде орындалуын қамтамасыз ететін құзырлы орган өкілдері. Азаматтық кодекс, азаматтық процесуалдық кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кәсіпкерлерлікті қолдауға және банк жүйесін жетілдіруге бағытталған дейді жиналғандар.