Көрікті, Жамбыл ауылдарында біраз ауланы тасыған су басты

548
Көрікті, Жамбыл ауылдарында біраз ауланы тасыған су басты

Мақтаарал ауданындағы Көрікті, Жамбыл ауылдарындағы біраз үй мен ауланы су басты. Егістік жерлерге, әсіресе, каналдарға жақын орналасқан үйлердегі жағдай қиын. Кеңес кезеңінен бері келе жатқан күрмеуі қиын мәселені шешетін билік жоқ деп ашынады Мыршазөл халқы.

Тасыған су көктем мен күз айларында мазасын алатын халық аудандағы каналдар бетондалса дейді. Дегенмен, арық-атызды тазалап жатқан тұрғындар да жоқ. Әр көктемдегі жағдай осы.

Көрікті, Жамбыл ауылдарында біраз ауланы тасыған су басты

Ауыл ақсақалы Өтениязов Абаттың бір баспанасы қирап, екіншісіне қауіп төніп тұр. Бірінші топтағы мүгедек ауыл әкімдерінен көмек сұраудан шаршағанын айтады. Бірақ, нәтиже жоқ деп налиды.

Абат Өтениязов, Көрікті ауылының тұрғыны: «Биліктен ешкім келіп, жағдайымызды көріп, көмектесейін демейді. Жыл сайын осы.Әбден шаршадық.»

Сейсенбай Бектасов, Көрікті ауылының тұрғыны: «Абат атамыздың көзі көрмейді. Күрделіліктің барлығы анау ауланың қақ ортасынан өтетін каналдың салдарынан орын алуда. Лоток төсемесе, жағдайымыз мүшкіл.»

Қарияның көршісінің жағдайы да тым ауыр. Ауланы су басқаны былай тұрсын, үйдің қабырғасы сөгілген. Қирауға жақын баспананың жанынан жаңа үйдің іргетасын биік етіп салған отбасы бүгінде туыстарында паналауға мәжбүр.

Көрікті, Жамбыл ауылдарында біраз ауланы тасыған су басты

Қуаныш Бақтыбеков, тұрғын: «Сыздан барлығымыз ауырып, туберкулез болатын болдық. Аурханаға жиі жатамыз. Су осы үнемі… Әкімдегілерге ештеңе керегі жоқ. Күре жолдың бойындағы каналдың арнасын бекітеміз деп, бетондауға кірісіп еді. Қаржының тапшылығынан ол да жарты жолда қалды.»

Түсірілім барысында Сарыарқа көшесінің бойынан және үй аулаларынан арық-атыздарды байқамадық. Бір күн бұрын жауған жауын суы әлі жерге сіңе қоймаған. Ал ауыл тұрғындары тасыған су ауылдың ортасынан өтетін арнасы бекетілмеген каналдан келеді деп отыр.

Зәуірбек Аппазов, Көрікті ауылының тұрғыны: «Канал жекенің меншігінде. Оны лоток төсеп не бетондамаса болмайды. Жазда бір қасық суға зар боламыз, көктем мен күзде оның көбеюінен әбден әбігерге түсеміз.»

Каналдың бойында орналасқан Ынтымақ дәрігерлік амбулаториясы осыдан екі жыл бұрын салынған. Аз уақыттың ішінде тасыған судың кесірінен ғимаратқа зақым келіп отыр. Осындай жағдай болатынын құрылысшыларға ауыл тұрғындары ескерткен, бірақ құлақ асар адам бар ма дейді.

Каналдың тасыған суы ауылдағы ағайынның бас ауруына айналғанына ширек ғасыр өтті, біраз әкімдер ауысты, нәтиже болар емес дейді тұрғындар. Дегенмен, арық арнасын тазалау жұмысын еске алып жатқан ешқайсысы жоқ. Ал жауапты мамандар бұл канал жекенің меншігі деп отыр.

Нұрлан Бижігітов, Ынтымақ ауылдық округі әкімдігінің бас маманы: «Канал жеке меншікте, не істей аламыз? 20-ға жуық шаруа қожалығы жиналып, облыс әкімі, прокуратураға арыз жазған еді. Нәтиже шықпады. Біздің қолымыздан не келеді. Техника да жоқ.»

Дегенмен, осы жағдайдан кейін болар, Мақтаарал ауданы әкімдігінің мамандары тез арада кеңейтілген жиын шақырып, атқарылатын жұмыстарды пысықтап алды.

Бахыт Асанов, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары.»Жиын өткізіп жатырмыз. Барлық ирригациялық жүйелерді түгендейміз. Жекеменшіктегі каналдар мен қашыртқылар қараусыз қалған. Ауыл әкімдерінің басын қосып, оларға тапсырма бердік. Мотопомпа, сорғыш беріп, су басқан  аулалар мен үйлерден суды шығаруға көмектеседі.»

Тасыған су Атакент, Жамбыл ауылындағы баспаналар мен осындағы мектеп ауласын да басқан. Мұның бір себебі, кезінде жауапты мамандар үлестірген учаскелер су тасу қаупі тұрғысынан зерттелмеген аймақта, арыққа жақын жерде орналасқан. Су басқан үйлердің басым бөлігі егістікке, каналға жақын бой көтергені де соған дәлел болса керек.