Биыл қала орталығындағы Ахмет Байтұрсынов көшесі қайта құрылымдаудан өткізіледі. Көлік ағыны ең көп көшеден қазір тәулігіне 14 мың көлік өтсе, кеңейтілгеннен кейін көлік ағыны 17-18 мыңға дейін жетеді. Ені 18 метрге дейін ұлғайтылып, 6 жолақты көлік жолына айналады. Көлік кептелісі жиілеген Шымқалаға мұндай 6 жолақты даңғылдардың бірнешеуін салса да артық етпейтіні айқын.
Біршама нысан сүріледі
Бас жоспарға сәйкес, көшелерді кеңейту жұмыстары ұдайы жүргізіледі. А.Байтұрсынов көшесін қайта құрудан өткізу үшін мол қаражат бөлініп отыр. Мемлекеттік сатып алу байқауы жарияланды. Енді бір аптаның көлемінде жеңімпаз анықталып, жоспарлы жұмыс наурыз айынан басталмақ.
Көшенің бойында екі аурухана, бір мектеп, екі ауданның кіріс басқармасы, диагностикалық орталық және тағы да басқа да маңызды нысандар орналасқан. Ені кейбір бөлігінде 9 метр болса, бір жерінде тіпті 7 метр аралығында.
А.Байтұрсынов көшесінің құрылысына 1 124 564 мың теңге жұмсалып, қайта құрылымдау жұмыстары 2017-2018 жылдары атқарылады
Жаңа жобаға сәйкес, көшенің ені 18-20 метр болады. Т. Рысқұлов көшесінен бастап Тәуке хан даңғылына дейін қайта жаңғыртылады. Т. Рысқұлов пен О. Жандосов көшелерінің аралығындағы бөлігі бірінші жөнделеді. Өрт сөндіру бекеті мен диагностикалық орталық аралығы екінші кезекте тұр. Жолдың кей тұсы жабылуы да мүмкін. Тұрғындарға үйіне кіріп шыға алатындай жағдай жасалынады.
Көше бойындағы 921 ағаш қырқылады, оның ішінде жас ағаштарды басқа аумаққа отырғызу көзделген. 515 ағаш отырғызылады. оның ішінде: шаған — 81 дана, үйеңкі ағашы-150 дана, емен – 200 дана, боз арша – 84 дана.
Мемлекет меншігі үшін алынатын нысандар қатарына «Ернұр пресс» ЖШС киоскілері, «Тұрғын үй-Шымкент» мекемесінің алдындағы автотұрақ, «Аманат медиа», «Медиа тайм» жарнама агенттігінің жарнамалық билбордтарының орындары бар.
Ерлан Есіркепов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
– А.Байтұрсынов көшесіндегі мемлекет мұқтажына кайтарылатын нысандардың жалпы саны — 74. Мемлекеттік мұқтажға алынатын нысан иелеріне өтемақы Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі және жер комитеті арқылы төленетін болады. Биыл қала бойынша күрделі жөндеуден, қайта құрылымдаудан өткізілетін көшелер көп. Республика даңғылында жер асты өткелі салынбақ. Осы жылдың соңына дейін бітуі тиіс. А-2 авто жолын кеңейту, Астана даңғылының жалғасының құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Сондай-ақ, Н. Төреқұлов көшесі де кеңейтіледі.
Оларға төленетін өтемақы мәселесінде қалалық жер қатынастары бөлімі нысанның техникалық паспортын, сату-сатып алу құжаттарын, ситуациялық жоспарларын қарап, барлығын есептеп, құнын шығарып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жібереді. Ары қарай мемлекеттен бөлінген қаржыдан әр нысан иесіне төлем жүргізіледі.
Д. Қонаев даңғылы қалай ұзартылады?
«Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасында» қаланың ежелгі тарихынан хабар беретін ескі қалашықтың орнын қайта жаңғырту жобасы да бар. Жоспарланған жұмыстардың басты тізімінде Д. Қонаев даңғылын Ташкент тасжолына дейін ұзарту қарастырылған. Яғни, аталған даңғылдың тұйығы болып саналатын «Түркістан» моншасы мен «Ескі қалашықтағы» бірнеше тұрғын үйлер сүрілуі әбден мүмкін. Қала әкімдігі аталған жобаның құлақ күйін келтіріп, жан-жақты сараптау үстінде.
Д. Қонаев даңғылынан бастап, Түркістан көшесі арқылы темір жолға дейін 1 кезең бойынша жұмыс жасалады. Одан ары қарай Ш. Рашидов көшесіне дейін салынып, темір жолдың бойында жұмыс жүргізіледі. Мамандардың сөзінше, темір жолдың астымен жол салынғаны ыңғайлы. Көпірдің астымен өткізілсе, бағасы да төмен болмақ. Эстакада болмайды.
Екінші жалғасы Бадам өзеніндегі бөгеттен бастап көпір салынып, Сәуле ықшамауданы арқылы өтеді. Содан Ақтас, Ақдала елдімекендеріне барып жалғасады. Жоба биыл сараптамадан өткізілмек. Бюджетке ұсыныс беріліп, құрылысы 2018 жылы басталмақ. Д. Қонаев даңғылын ұзарту барысында біраз нысандар, үйлер сүрілетіні хақ. Талапқа сай, әр нысан иесіне өтемақы төленеді.
Жан-жақты талқыланып жатқан жобаға әлі де өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бөгеттің арғы жағында Ташкент тас жолы, тоннель бар. Сол тараптан қалаға кіретін жалғыз жол болғандықтан көлік кептелісі көп. Даңғыл ұзартылса, көлік тығынын сәл де болса азайтуға сеп болар еді.
Биыл қайта құрылымдаудан өткізілетін көшелер мен жұмсалатын қаржы:
Жібек жолы көшесін қайта құруға — 351 057 000 тг
Темірлан тас жолы А. Мангелдин көшелерінің қиылысындағы жер үсті жаяу жүргіншілер жолының құрылысына — 51 476 000 тг
С. Қожанов көшесін Темірлан тас жолына дейін қайта құруға — 76 065 000 тг
Самал базары аумағы Т. Рысқұлов көшесінің бойынан жер асты жаяу жүргіншілер жолының құрылысына — 117 448 000 тг
Әл Фараби көшесін қайта құруға (Темірлан тас жолына дейін) — 34 062 000 тг
АЙТПАҚШЫ…
Биыл көшелерді қайта құрылымдаудан бөлек, алғаш рет жолайырықтар салынады. Темірлан тас жолы мен Алматы — Термез автожолы маңында үлкен жолайырықтар салу жоспарланған.
Т. Рысқұлов-Д. Қонаев, Байдібек би-Ұ. Арғынбеков-Т. Назарбеков-Астана, Бәйдібек би-Кіші айналма, Жібек жолы-Сайрам көшелерінің қиылысында жолайрықтарын салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
«Шымкент қаласының Алматы-Ташкент-Термез автомобиль жолы мен Темірлан тас жолымен қиылысқан өтпе жолдың (Бекжан базары) құрылысы» нысанына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарына 1 737,508 млн теңге қаржы бөлінген. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін құрылысы басталып, 2018 жылы аяқталады.
Гүлжан ЖҰМАШ