Мақтараалдық батыр аналар жолды жөндеуді сұрайды

Мақтаарал ауданындағы әйелдер қауымы жергілікті билікке өтініш-талаптарын айтты. Нұрлыбаев ауыл округінің батыр аналарының сұрайтыны – ауылдағы жолды жөндеу. Айта кету керек, бұл ауылда көп баланы ана жетерлік, бір көшеде 12 Батыр ана тұрады.

Мақтараалдық батыр аналар жолды жөндеуді сұрайды

Белшесінен лайға батып келе жатқандар – Қырман көшесінің әйелдер қауымы. Еліміздің демографиясына мол үлес қосып, қазақтың санын арттырған бұл апаларымызға Нұрлыбаев ауыл округінде жасалып жатқан қолдау қарын аштырады. Ауыртпалықтың барлығын жеңе білген аналарымыздың жергілікті билікке өтініші – күнделікті жүретін жолын аббатандырып берсе болғаны.

Ханшайым Мамытова, Ырысты ауылының тұрғыны, Батыр ана: «Өздеріңіз көрдіңіздер, қалай лайға батып келгенімізді. Балаларымыз ер жетті, немелерімізге обал болды. Лайға түсіп қалмас үшін біреулердің бақшасымен жүріп, әйтеуір мектепке барады.»

Жұмагүл Шегебаева, тұрғын: «Медициналық мекемеде жұмыс істеймін. Жұмысқа бару мұң болды. Балаларды да көтеріп, күре жолға жеткіземіз. Мына лайда аяғымыз тайып, жұмысқа кешіккеніміз де бар.»

Забира Айтуғанова, Батыр ана: «30 жыл болды осы көшеде тұрып келе жатқаныма. Лайдан көз ашпадық. Көмектесетін биліктегілер қайда қарап отыр?»

Ең сорақысы, мұнда жаяу жүру тұрсын көлікпен қатынаудың өзі қиямет. Ал біреу ауыра қалса күре жолға көтеріп жеткізу тіпті қиын.

Қонарбай Әлібеков, тұрғын: «Жедел медициналық көмек шақырғанда бала болса бірсәрі, оны көтеріп-ақ көлікке жеткізесің. Ал ересек адам болса әбден қиналамыз. Ал туайын деп отырған келіндер ше? Жасым 50 -де. Үнемі осы көшеміз лай.»

Нұрлыбаев ауыл округінің әкімі әр ауылдың мәселесінен хабардар. Айтуынша, Ырысты ауылында ауыз су мәселесі шешілген. Енді Ақбастау, Қырман көшелеріне асфальт төселсе, халықтың алғысына бөленетінін шенеуніктер де жақсы біледі.

Ағабек Әбдиев, Нұрлыбаев ауыл округінің әкімі: «Былтыр Қырман көшесіне тас төселуі керек еді. Алайда аудан әкімдігі мектепке барар жолға, Ақбастау көшесіне тас төсеуге тапсырма берді. Сондықтан осы көше жоспарлы жұмыстан қағылды. Бюджетте қаржы тапшылығы бар. Көшелер кезеңімен аббаттандырылады. Сабырлық танытуға тура келеді.»

Ырысты ауылының тұрғындары Батыр аналарымызға қамқорлық тек қағаз жүзінде емес, шынайы тұрмыста болса дейді. Өйткені, тағдырдың тауқыметін төзімділікпен еңсере білген ақ жаулықты аналарға әкім де, қарапайым халық та өмір бойы қарыздар екенін естен шығармаса.