Мектеп асханасында тыйым салынған тағам

3460

Жуырда ғана ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комиеті мектеп асханасында балаларға беретін ыстық тағамдардың бірнешеуін тізімнен сызып тастады. Дәлірегі, мектеп асханалары мен балабақшаларда омлет және «флотша макаронды» (макароны по-флотский) дайындауға тыйым салды.

Бұл екі тағам көбіне тамақтандыру орындарында улануға себеп болатын тағамдардың қатарына кірген. Мұны мектеп пен балабақша асханасынан алып тастауды ұсынған.

– M.Х. Дулати атындағы ТМУ-дің «Қайта өңдеу өндірістерінің азық-түлік өнімдерінің технологиясы және биотехнология» кафедрасының профессоры Н.А. Горбатовская.

Оның сөзінше, омлетті дайындағанда қалыңдығы 2,5-3 см-ден асса, барлық қабаты біркелкі қуырылмайды. «Астыңғы және үстіңгі қабаты күйіп, ортасы шикі болады. Бұдан сальмонеллез ауруы пайда болу қаупі бар. «Флотша макаронды» дайындағанда макарон бір-біріне жабаспас үшін салқын су қолданылады. Кейбір ауылды жерде орталықтандырылған су құбырлары болмағандықтан суды пайдалануда нормалық талаптар бұзылады. Содан макарон арасында микрофлоралардың көбеюіне жағдай жасалады. Санитарлық талаптарға сай бұл келеңсіздіктерден балалардың тамақтан улану қауіптілігі артады» деп уәж айтып, дәлелдеп те берген.

 

Осы дәлелге сүйенген ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті білім беру мекемелерінде аталған екі тағамды мәзірден алып тастады.

– Мектеп және балабақша асханаларында күнделікті мәзір тізімі жасалады. Тізімдегі бекітілген тағам мөлшері балалардың жасына байланысты беріледі. Асты техникалық картаға сәйкес нормативтік жағдайларын бұзбай орындауы міндеттеледі. Оған тағамның мөлшері, салмағы, химиялық құрамы, калориясы, дайындау технологиясы туралы хабарламалар кіреді,-дейді облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті балалар мен білім беру ұйымдарын және тағам объектілерін санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Меруерт Серікбаева.

Оның сөзінше, білім беру мекемелеріндегі асханаларда бір тағамды күнделікті беруге болмайды. Ет, сүт, сары май, өсімдік майы, бидай наны немесе қара нан, көкөністер және қант күнделікті олардың ішіп-жейтін азықтары. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, тауық етін – 2-7 күнде 1 рет оқушылардың тамақтану мәзіріне кіргізеді.

Әйгерім НҰРЛАН, Шымкент қалалық білім беру бөлімінің мемлекеттік сатып алу секторының жетекшісі:
– Білім мекемелерінде оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге ниет білдірген әлеуетті өндірушілер сараланып жатыр. Қазір олардың құжаттары қабылданды. Конкурс өтіп жатыр. Ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметі бойынша Шымкентте 119 мектеп белгіленген. Бұл тұрғыда кәсіпкерлерге қойылатын талаптар қатаң.

Мектеп асханасында сатуға тыйым салынған азық-түлік:

  • айран, сүзбе және басқа да қышқыл сүт өнімдері;
  • туралған ет қосылған құймақтар;
  • флотша макарон;
  • зельцтерді, форшмактарды, сілікпелерді, паштеттер;
  • кремі бар кондитерлік өнімдер;
  • морстарды, квастар;
  • фритюрде қуырылған өнімдер;
  • шала пісірілген жұмыртқа, қуырылған жұмыртқа;
  • күрделі (4 компоненттен артық) салаттарды, қаймақ пен майонез қосылған салаттар;
  • окрошка;
  • саңырауқұлақ;
  • үйде дайындалған өнімдер;
  • тез дайындалатын құрғақ тағамдық концентраттар негізіндегі бірінші және екінші тағамдар;
  • газдалған және алкоголсіз энергетикалық сусындар (минералды және ауызсудан басқа);
  • чипсилер, кептірілген нан, гамбургерлер, ход-догтар;
  • ащы тұздықтар, кетчуптар.

Шымкент қаласындағы Т. Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында білім алатын 2400-ге жуық оқушының, 1900-ден астамы мектеп асханасынан тамақтанады. Аз қамтылған 86 оқушыға ыстық тамақ жағынан мемлекет тарапынан көмек берілсе, 17-не демеушілер көмектеседі. Мектеп директоры Жамиля Оспанова ас мәзірін күнделікті бақылап отыратынын айтып өтті.
Сондай-ақ, мектепте, көшеде жүргенде олардың не ішіп-жейтінін бақылауда ұстау кейде мүмкін болмайтыны рас. Сондықтан, балаға дұрыс тамақтануды үйретіп, әдетке айналдыруды ата-ана өз жауапкершілігіне алғаны абзал.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ