Мерейтой аясында Оңтүстіктің тарихы таныстырылып жатыр

«Оңтүстік – тарихтың бастауы». Облысымыздың 85 жылдығы құрметіне орай Шымкенттегі мемлекеттік архив мекемесі бейне-көрмесімен таныстырды. Мәдени шарада өңіріміздің құрылу дәуірі мен тыныс-тіршілігі, ондағы тұрғындардың әл-ауқатынан сыр шертер сурет-жәдігерлер қойылған. Зиялы қауым өкілдері мен ағартушылар арасындағы хат-жазбалар да көпшілік назарына ұсынылыпты. Құнды қағаздар, оның ішінде Оңтүстік өңірінің алғаш облыс ретінде еншісін алуы, сонау 1932 жылдарғы құжаттар да көрменің төрінен табылды.

Майра Құрбанбаева, археограф: «Құжаттар арасында 1940 жылдары бой көтерген нысандар, мәселен, педагогикалық институттың суреттері, құжаттама анықтамалары бар. Қордағы барлық дүниені біз жыл сайын «қопарып», түгендеп отырамыз. Сондай-ақ, оларды көпшілік назарына ұсынып, мұрағаттағы маңызды қағаздары тұрғындарға таныстырып, жаңғыртуды ұмытқан емеспіз».


Игі бастамадан күнгейдің тарихшылары да шет қалмады. Жиынға арнайы келіп, Оңтүстіктің өткені жөнінде тың, ғылыми дерек-дәйектерді ұсынды. Тарихи баяндамасын оқыды. Ал ұйымдастырушы тараптың сөзіне сенсек, жуырда күнгейдегі өлкетанушылардың осынау еңбегі ескеріліп, ғылыми жұмыстары сараланады. Оңтүстіктің мерейтойы құрметіне, үздік зерттеуші-ғалымның есімі жарияланып, жаңа жинақ жарық көрмек.