Оңтүстікте 8 наурыз күні 205 бала дүниеге келген. Халықаралық әйелдер күнінде туған нәрестелердің басым бөлігі — қыздар. Оның ішінде екі егіз бар. №4 перениталдық орталықта болған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев мереке күні босанған аналарды арнайы барып құттықтады.
Гүлзира Айбаршаева — 8 наурыз күні босанған аналардың бірі. Көптен күткен перзентін дәл мереке күні дүниеге әкелуі отбасым үшін үлкен қуанышқа айналды дейді жас босанған ана. Күні кеше ғана туған нәрестесіне ол Жансая деген есім беріпті.
Гүлзира Айбаршаева: «Сегізінші наурыз күні босандым. Дүниеге қыз бала әкелдім. Салмағы 3 келі 700 гр. Жағдайы жақсы. Бүгінгі құрметке үлкен алғыс айтамын. Мұнымен тоқтап қалмаспын. Бұйыртса, дүниеге тағы сәби әкеле жатырмын.»
Гүлзирамен қоса №4 перинаталдық орталықта мереке күні босанған 15 ана бар. Оның барлығы облыстық денсаулық сақтау басқармасы атынан түрлі сыйлықтарға ие болды. Айта кетейік, басқарма басшылары соңғы жылдары ана мен бала өлімін азайту мақсатында жан-жақты жұмысты күшейтпек. Осы мақсатта биыл барлық медициналық мекеме қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтылады.
Айта кетейік, демографиялық өсімі жақсы Оңтүстікте жыл сайын халық саны өсіп келеді. Мәселен, 2016 жылы өңірде жалпы саны 79 195 нәресте дүние есігін ашса, оның 765-сі егіз , бесеуі — үшем.