Шымкентке Ираннан ерекше суретші келді

Ираннан келген суретші шымкенттіктердің таңдайын қақтырды

Шымкентте жыл басы —  Наурызды қарсы алу жалғасуда. Таяуда мейрам иран мәдени орталығында аталып өтті. Орталық ұйымдастырған мерекеге Иран елінен қолөнер шеберлері арнайы шақырылған. Олардың арасында өнерлері бейжай қалдырмайтын тұлғалар да бар.

Солардың бірі – ерекше суретші Рахым есімді жігіт. Бүгін мұнда жиналған жұрттың назары түгел Рахымда.  Ол ойын баласы он жасында оқыс оқиғада қос қолынан айрылған. Он жеті жасынан сурет салумен әуестеніп, он жыл ішінде өз ісінің қас шеберіне айналған.

Рахым Әзіми: «Қатып қалған бір стильде сурет салу — қағида емес. Кез келген көріністі айнытпай бейнелеп бере аламын. Болашақта осы өнердің шыңына жетіп, әлемге мәшһүр суретші болғым келеді.»

Рахым осы өнерімен нәпақасын тауып жүр. Еңбектері 200 доллардан басталып, 2-3 000 долларға дейін бағаланады. Бүгін де оның жұмысына қызығушылық танытқандар жетеді.

Ираннан келген суретші шымкенттіктердің таңдайын қақтырды

Жас суретшімен бірге бұл көрмеге бірнеше дүркін байқаудың жеңімпаздары, Иранның белді шеберлері қатысты. Оларды арнайы шақыртқан Иран мәдени орталығының көздегені де осы — ұлттық өнерлерін дәріптеу.

Қолөнершілермен қатар жастар орталығында өткен мерекеге әнші, бишілер де ұлттық өнерлерін тағы бір паш етті. Оған қоса Иран Ислам Республикасының бір топ делегациясы, ассамблея құрылымдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Осындай мерекелік кеште күнгейде бейбіт өмір сүріп жатқан ирандықтар қазақ бауырларына алғыс айтуды да ұмытқан жоқ. Айта кету керек, облысымызда иран этносының 5 мыңға жуық өкілі тұрады.