Шымкентте екі тәулікте мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу фактісі тіркелді

573

Шымкентте жол жүру ережесін қадағалауға қатысты ауқымды рейд басталды. Полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікке шығып, қала көшелерін бақылауда. «Дауыл» атты бұл рейд 10 күнге созылады дейді жергілікті полиция қызметі. Бүгіннің өзінде біраз нәтиже бар – бір тәулікте мыңнан астам ереже бұзушы анықталды.

Шымкенттің полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте кезекшілікте жүр. «Дауыл» рейдінің басталғанына екінші тәулік – осы уақыттың ішінде инспекторлар мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу фактісін тіркедік дейді. Оның арасында рөлде отырып, телефон қолдану да, бағдаршамның белгісін елемеу де бар. Ал мына азамат Тәуке хан даңғылының бойында, рұқсат етілмеген жерде тоқтап тұр.

Полиция қызметкері сұрастырғанда жүргізуші көлігім бұзылып қалды дейді. Бірақ, апатты жағдайдағы белгіні қоюды ұмытып кетіпті. Тәртіп сақшысы жүргізушіге алғашқы ескерту берумен шектелді.

«Дауыл» рейді барысында полицейлердің көліктегі экипажы да, жаяу құрамы және велополицейлер де күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда. Қоғамдық тәртіпті бақылау жұмыстары полиция бекеттерінен де жүргізіледі.

Бұл жолғы ауқымды рейд әлі бір аптаға созылады. Осы тұста Шымкенттің полицейлері қала тұрғындарынан абай болып, тәртіп бұзбауға шақырады.