Шымкентте тағы бір базардан өрт шықты. «Көктем» сауда қатары отқа оранған. Абырой болғанда қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Бірақ, тілсіз жау біршама дүңгіршікті күлге айналдырған.
Базардың өртке оранғаны туралы суыт хабар 2 наурыз түні сағат 11-лерде түскен. Дабыл бойынша көтерілген құтқарушылар оқиға орнына лезде жеттік дейді. Өрт сөндірушілер келген уақытта контейнерлер ашық жалынға оранған болатын. Бұған қоса бүкіл базарға өрт тарап кету қаупі жоғары еді.
Абырой болғанда, оқыс оқиғадан қаза тапқандар мен зардап шеккен адамдар жоқ. Төтенше жағдай департаментінің өкілдерінің мәліметінше, қызыл жалын 130 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрттің кесірінен дүңгіршектердегі құрылыс материалдары жанып кетті. Қазір осы төтенше жағдайға байланысты құзырлы орган өкілдері тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдай басқармасының бастығы: «2 наурыз күні орталық өрт сөндіру кезекшісіне «Альянс» ЖШС-де өрт болды деген хабар келді. Сауда қатарларынан шыққан жалын өрт сөндіру күшімен өшірілді. Өрт 130 шаршы метрді шарпыған. Ішкі істер органдары өрттің шығу салдарын анықтап жатыр.»
Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатқанына байланысты саударгерлерге келген шығынның өтелу-өтелмеуі әлі белгісіз. Сондай-ақ өрттен келген шығынның көлемі анықталған жоқ. Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 23 өрт оқиғасы тіркеліпті. Оның басым бөлігі тұрғын үй секторларында орын алған.