Қазақстанның білім беру саласының үздігі, мәдениет қайраткері және Шымкенттегі саз колледжінің ұстазы Наталья Васильевна — 60 жаста. Мерейтой құрметіне орай білім ордасы талай талантты шәкіртті тәрбиелеген білікті педагогты арнайы құттықтады. Саз колледжінің ұжымы мен талай рет халықаралық байқауларда топ жарған оқушылары кеш кейіпкеріне концерттік бағдарламасын тарту етті.
Өнер саласында, оның ішінде күнгейден түлеген талай талантты тәрбиелеген педагог Наталья Васильевна туған күнінде өз шәкірттерімен жұмыла жұртшылыққа өнер көрсетті. Мерейтой иесінің қуанышы мен марқайған көңілін сахнадағы бал-бұл жайнаған жүзінен-ақ байқауға болады. Бүгінде 60 жасты еңсерген мұғалімнің педагогика саласында жүріп, қалтқысыз қызмет еткеніне биыл 35 жылдың жүзі толыпты.
Наталья Мажитова, Қазақстанның мәдениет қайраткері: «Қазіргі әсерім керемет, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қуаныштымын, өзім өмірде талай биік белестерді бағындырсам да, тоқтап қалған емеспін. Әлі атқарар жұмыстарым алда сияқты. Ал өнерде, үздік көшбасшы шәкірт тәрбиелеуімнің құпиясы — әр оқушымды туғанымдай көремін. Тек дауыс қою, диапазон немесе нотаны ғана үйретпей, адами парасатқа шақырамын. Және жиі сырласамын. Жетістікке жетудің жалғыз жолы осы. рухани бай адамдар өнердің өрлеуіне сеп болады.»
Кеш кейіпкерінің қуанышына ортақтасып, құттықтап келушілер көп болды. Өңіріміздегі мәдениет және білім басқармаларының өкілдері де арнайы алғыс хатын табыстады. Өнердегі үзеңгілес әріптес достары да меймандардың қатарынан табылды. Жылдар бойы педагогика саласын бірге еңсеріп жүрген дирижер құрдасы Борис Зуй да осы кешке арнайы шақырылыпты.
Борис Зуй, дирижер: «Педагог Наталья өнерде ғана емес, өмірде де шынайы. Түскі ас ішпей, жаттығу сабақтарына дайындалатын. Ізденетін. Нәтижесін көріп, рухани тояттанатын. Қазір де солай. Шаршадым, жалықтым деген сөзді естіген емеспін. Әріптесімді әрдайым музыкаға деген риясыз махаббатты ерекшелендіріп тұрады.»
Қазақстанның білім беру саласының үздігі Наталья Мәжітова жас толқынды академиялық әнге баулудан жалыққан емес. Саланы етене меңгерген шәкірттерінің бірі Аян Төлегенді бүгінде көпшілік талай дүркін халықаралық байқаулардың жеңімпазы ретінде жақсы таниды.
Аян Төлеген, жас әнші: «Мұғалімімді жақсы көрем. Өте қатал, талапшыл, бірақ біз биікке жетпей тыншымайды. Сол қасиетін ерекше құрметтеймін!»
Ел Президентінің тағайындаған құрмет грамотасы, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері өзінің 35 жылдық еңбек жолында 50-ден астам шәкірт тәрбиеледі. Қазір сол таланттар елімізге есімі белгілі өнер шеберлерінің қатарын толықтырған.