1 наурыздан бастап Шымкенттің полицейлері велосипедке қайта мінді. Саябақтар мен гүлзарларды бақылайтын бұл тәртіп сақшылары тәулік бойы жұмыс істейді. Демеушілер есебінен әкелінген жаңа көлік түрі әлемдік стандарттарға сай.
Екі дөңгелекті велоқұрылғы тепкен полицейлер іске кіріскелі биыл екінші маусым. Олар бір жылдық тәжірибеге сүйене, велосипедтердің құқық бұзушылық жасаған жаяу жүргіншілерді ұстау жұмысын тездететінін айтады. Қала тұрғындары да былтыр енгізілген бұл өзгерісті мемлекеттің полицейлерге деген қамқорлығы деп біліп, бір ауыздан құптап отыр.
Бүгінде қала аумағында белгіленген бес орында велопатрульдік бөлімшелері жұмыс істейді. Велосипедтердің саны әзірге — 10. Дамыған елдердің тәжірибесіне сай былтыр қалалық әкімшілік атаулы жүйені пилоттық жоба ретінде енгізіп еді. Бүгінде алғашқы көрсеткішіне қол жеткізіп үлгерді. Ал полиция басшылығы алда велосипедтер қатары артатынын айтады.