Шымкенттік жолаушыларға арналған тосынсый

Ұлыстың ұлы күні қаладағы қоғамдық көлік жолаушыларына қазақтың ұлттық тағамдары бауырсақ пен құрт үлестірілді. Мұндай мерекелік акцияны қаладағы көлік компанияларының бірі қолға алған. Олар ұжымдарымен жұмыла 100 келі бауырсақ, 20 келі құрт әзірлегендерін айтты.

Ұйымдастырушылар ырыс пен молшылық мерекесінде жолаушыларға арнаған тосынсыйына қоса қазақтың домбырасын әнге қосқан концерттік нөмірін де ала келіпті. Музыканттар қатарында саз колледжінің шәкірттері бой көрсетті.

Жолаушылар өз кезегінде таңданыстарын жасырмай, мәз-мейрам болысты. Ұйымдастырушылар ұжымы бұл кішігірім шараға екі-үш күн дайындалғандарын айтады.