Биыл бүкіл түркі әлемі Түркістанға жиналады. Ер түріктің бесігіндей болған шаһарда Әз Наурыз ұлан-асыр тойланбақ. Еске салайық, халықаралық «ТҮРКСОЙ» тұрақты кеңесінің 34-отырысында Түркістан қаласын түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданғаны баршаға мәлім. Бұл жоғары мәртебе Қазақстанның рухани астанасында турзим саласын дамытуға серпін береді деп күтілуде. Осылайша Ұлыстың ұлы күнін түркістандықтармен бірге еліміздің өзге өңірлері мен 20-дан астам мемлекеттің өкілдері қарсы алмақ. Қазір шаһарда ұлы мерекеге дайындық қызу жүруде.
Негізгі қақпадан Түркістанға барар жолдың бойы әсем безендірілген. Көріктендіру міндеті жүктелген «Жарық-тазалық» серіктестігінің жұмысшылары Бекзат Саттарханов даңғылында мерекелік баннерлерді ілуде.
Дәл қазіргі таңда Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болған Түркістан қаласында абаттандыру шаралары қызу жалғасуда. Орталық даңғылдың бойында темірден қоршауда да жасалуда. Бұл мақсатта бюджеттен қомақты қаржы бөлініпті.
Орталық көшелердің жолдары мен оның жиегіндегі арық-атыздар да жөнделіп жатыр. Қаласына келген қонақтардың алдында ұятқа қалмас үшін қарапайым түркістандықтар да өз үлесімізді қосудамыз дейді.
Салтанатты шаралар өтетін даңғылдар, алаңдар мен мәдени нысандар, қонақ үй кешендері меймандарды қарсы алуға әзірленуде. Мұнда республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға көріктендіру жұмыстары қолға алынған. «Жарық-тазалық» серіктестігі қылқан жапырақты ағаштарды отырғызып, аптаның соңында гүл көшеттерін егетін жерді дайындауда.
Ұлыстың ұлы күні — Наурызды түркістандықтармен бірге еліміздің өзге өңірлері мен 20-дан астам мемлекеттің өкілдері қарсы алады. Мерекелік бағдарлаға сәйкес жоспарлы салтанатты іс-шара орталық алаңда ұйымдастырылады. Мыңнан астам өнер майталманы сахнада өз таланттарымен жиналған қонақтарды тәнті етеді деп күтілуде. Ал демалыс аймағы серуен құрғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлайтыны анық дейді коммуналдық сала қызметкерлері.
Түркі әлемінің мәдени астанасы Түркістан — Қазақстанның рухани астанасы. Әлемдегі түркі тілдес қандастарымыздың басын қосатын бұл ауқымды шара елдер арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтып қана қоймай, екінші Меккеге айналған қасиетті Түркістанда туризм саласын дамытуға серпін береді деп күтілуде.
Әз Наурыз мерекесін тойлау Оңтүстік өңірінде сәрсенбінің сәтті күні бастауын алады. Жиналған қауым алдымен Ахмет Яссауи кесесінде құран аяттарын бағыштап, бейбітшілік, татулық пен достықты мұрат еткен салтанатты шараны жоғары деңгейде өткізуге кіріседі.