Ырысты ауылының тұрғындары жаңа мектепке барар жолды жөндеуді сұрайды

916
Ырысты ауылының тұрғындары жаңа мектепке барар жолды жөндеуді сұрайды

Мақтаарал ауданындағы шалғай ауылдарда жаңа мектептер бой көтеруде. Солардың бірі — Ырысты ауылындағы бұрынғы жатақханада ыңғайластырылған білім ордасында оқып келген оқушылар жаңа оқу жылында жаңа үлгідегі зәулім мектепке көшеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Мырзашөлдегі Нұрлыбаев ауылды округіндегі Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектептің ғимараты өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Мақташыларға арнайы салынған жатақхана кейін мектепке ыңғайластырылды. Мұнда бүгінде 200-ден астам оқушы оқиды.

Әсия Есенова, бастауыш сынып мұғалімі: «Қазіргі балалар өте тамаша. Білімге деген құштарлығы керемет. Ойындағыларын жеткізе біледі.»

Ескі ғимарат болған соң жылу, электр жүйелері тозған. Мектеп ұжымы балалар тоңбас үшін қолдан келген жағдайды жасап отыр. Ал спорт, мәжіліс залдары мүлдем жоқ.

Зәбира Пилалова, Нұрлыбаев ауыл округіндегі С.Торайғыров атындағы жалпы орта мектептің директоры: «Жаңа мектепте жағдайымыз жақсы болады деп сенеміз. Бүгінде 235 оқушы дәріс алады. Бұл ғимарат 1974 жылға дейін жатахнана ретінде пайдаланылып, сосын мектепке ыңғайластырылды.»

Ырысты ауылының білім ордасына мұқтаждығын ескерген облыс әкімдігі мектептің жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге және құрылысықа 800 млн теңгеге жуық қаржы бөлген. Аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша «Нүрі-Л Жетісай» серіктестігі былтыр жаңа мектептің құрылысын бастады. 200 орынды мектептің жобалық-сметалық құжатын «Әсем жоба-құрылыс» ЖШС дайындаған.

Жылу жүйесін бітірген мердігерлер қаржы түссе әрлеу мен еден төсеу жұмыстарына кірісеміз деп отыр. Жалпы, мектеп жаңа оқу жылына тапсырылады деп күтілуде. Ал тұрғындар құрылыспен бірге мектепке барар жолда да салынса екен дейді.

Ұлбазар апа, ауыл тұрғыны: «Бәріміз қуанып жатырмыз. Жаңа мектеп биыл пайдалануға беріледі деп жатыр ғой. Енді мектепке барар жолға асфальт төсесе жақсы болатын еді. Әйтпесе бала да, ересектер де мына лай-батпақта жүруге қиналады.»

Жаңа мектепке барар жол салынбаса, оқушылар жауын-шашында лайға белшесінен бататыны анық. Өйткені көлікпен қатынаудың өзі қиын. Оған былтыр нысанның құрылысы барысын қадағалаған атқа мінерлердің көздері жеткен. Сондықтан болар, тас төсеген еді. Алайда қыстан кейін Алғабас көшесі бұрынғы қалпына түсті.

Ағабек Әбдиев, Нұрлыбаев ауыл округінің әкімі: «Жақында аудан әкімінің халық алдында есебінде осы мәселені тұрғындар көтерді. Былтыр төселген тас жайылып кеткен. Енді ТҮКШ бөлімінің мамандары топырақпен қоса қиыршық тас төсеу керегін айтуда. Депутаттар да мәселеге қанық. Барлығымыз жұмылсақ, жолды тегістеуге ықпал етеміз.»

Биліктегілер сөзінде тұрса, биыл тапсырылайын деп отырған жаңа мектепке барар жол да тақтайдай болса қане дейді ырыстықтар. Осыған орай алдағы уақытта шенеуніктер білім, әлеуметтік , денсаулық сақтау нысандарын жоспарлағанда инфроқұрылмдарды алдын ала ескерсе нұр үстіне нұр болар еді деген аманатын биліктегілерге жеткізді.