Оңтүстіктің тізгіні ұстағанына төрт айдан енді асқан Жансейіт Түймебаев 17 ақпан күні халық алдында 2016 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. «Түркістан» сарайында өткен кездесуде 1 сағат баяндама жасаған әкім алдағы жоспарларынан да хабардар етті. Соның ішіндегі елеулісі – Өгем өзенінің арнасын бұрып, Сарыағаш, Қазығұрт және Мақтарал аудандарын сумен қамтамасыз ету.
Әкімнің айтуынша, бұл жоба іске асса, Оңтүстіктің 1 млн тұрғыны су тапшылығынан құтылады.
Әкім аузынан шыққан тағы бір елең еткізер жоба Шымкентке қатысты болып отыр. Дәлірегі, Шымқалада 5 жол айырығы салынады. Екеуінің құрылысы биыл басталады.
Кездесудің баяндамадан кейін басталған сұрақ-жауап бөлімінде халық ақыны Әселхан Қалыбекова: «Отырар ауданына газ келеді» дегеніне 2-3 жылдың жүзі болды. Соның келуіне ықпал етсеңіз болар еді» деген бұйымтайын айта келе:
«Жақсы күннің жарығын жаз келгенде білерсің,
Жақсы әкімнің қадірін газ келгенде білерсің» деп, залдағы жұртшылықты бір көтеріп тастады. Бұған Ж. Түймебаев: «Биыл облыстың газбен қамтылу үлесін 65%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Соның ішінде сіздің ауыл да міндетті түрде кіреді, деп ойлаймын, және кіргіземіз» деді.
Сарыағаш ауданының Бірлесу ауылдық округінен келген Белдібек Тасқара: «Бірлесу ауылдық округінің территориясынан «Солтүстік Ташкент» каналы өтеді. Каналдың екі жағындағы елді байланыстыратын көпір өткен жылдың қыркүйегінде құлап, барыс-келіс, ауруханаға, аудан орталығындағы басқа да мекемелерге жетуі қиындап қалды» деп, көпір құрылысының басталуына, тез арада бітуіне ықпал етуін сұрады. Облыс басшысы құлаған көпірді осы жылы қалпына келтіруді тапсырды.
Сұрақ-жауап кезінде әкімге ұсыныс-тілегін жеткізгендердің бірі — ардагер ұстаз Әмір Мұсақұлов. Облыстың идеология саласына көңілі толмайтынын айтқан ақсақал: «Ерте жүктілік деген мәселе мектептен басталып, белең алып барады. Осы мәселеге ерекше көңіл аударсаңыз екен. Біздің облыста идеолог жоқ. Мұны мойындау керек. Идеология болмай, мемлекетте мықты саясат іске аспайды» деп сөзін аяқтағанда, зал ду қол шапалақ соғып, демеу білдірді.
«Идеологияны өзіммен әкеліп, өзіммен әкетіп қалмаймын. Идеология – осындағы әрқайсыңыздың жүрегіңізде, үйіңізде, отбасыңызда» деген әкім «Бәріміз бірге жұмыс істейік» деп қайырды.
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да «Ақпараттық жүйелер» мамандығын меңгерген Тұрсын Асқардың «Қалай жұмыс табуға болады? Жұмыс берушілер еңбек өтілін міндетті түрде сұрап жатыр» деген нақты сауалына әкім тарапынан қайтарылған жауап ұзақ болды.
«АҚШ-тың Кремний алқабындағы жаңалықтар біздерге 10-15 жылдан кейін жетеді» деп, ақпараттың құдіреті мен жаңа технологиялар жайында көсілген басшы: «Жұмыс көп. Келіңіздер. Бізде Жастар сарайы («Жастар ресурстық орталығы» КММ – ред.) бар. Сол жерде арнайы топ бар. Сондағы топ іріктеп, бізге ұсынып отырсын» деді.
Әкімге сауал қойғысы келген жұртшылықтың қарасы қалың болғанымен, уақыт тығыздығына байланысты қалған сұрақтар мен ұсыныстарды қағазға жазылып, залдың ортасындағы урнаға салынды.
Жәнібек НҰРЫШ