«Кәсіпкерден 10 кеңес». Дәл осындай атаумен күнгейдегі журналистер арасында байқау өткізіледі. Бұл туралы арнайы брифингте хабарланды.
Жаңа жобаны облыстық ішкі саясат басқармасы мен журналистер одағының Оңтүстіктегі филиалы қолға алған. Жоба мақсаты — БАҚ арқылы өңірдің кәсіпкерлік саласын насихаттау.
Журналистердің кәсіби деңгейін анықтайтын жоба 4 айға созылады. 1 наурызда басталып кеткен жарысқа күнгейлік кез-келген журналист қатыса алады. Конкурс екі бағыт бойынша, яғни, баспасөз бен электронды БАҚ жарияларымдары және телерадио бағдарламалары бойынша жүргізіледі.
Журналистер 4 айдың ішінде өңірдегі шағын, орта және ірі кәсіп иелері жайлы материал дайындауы қажет. Байқаудың жүлде қоры 2,5 млн теңгені құрап отыр. Жүлделі орындарға 300, 200, 150 мың теңгеден тігілсе, ынталандыру сыйақысы — 100 мың теңге. Жеңімпаздар маусым айының үшінші онкүндігінде анықталатын болады.