Құрметті азаматтар музейге жеке заттарын тапсырды

Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 85 жыл толды. Атаулы датаға орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Өнегелі өмір — өшпес мұра» тақырыбында іс-шара өтті. Күнгейдің 5 құрметті азаматы арнайы шақырылған.

Жыл басынан басталған «Музейге сый тарту» акциясына осыған дейін өлкеміздің дамуына үлес қосқан әртүрлі сала ардагерлері музей архивіне жәдігерлерін сыйға тартты.

Бәйдібек, Қазығұрт аудандарының құрметті азаматы Шалатай Мырзахметов музей архивіне құжаттарын, қолданған дүниелерін өткізді. Құрметті азамат бұл заттарының осында қаз-қалпында сақталатынына сенімді.

Шалтай Мырзахметов, Бәйдібек, Қазығұрт аудандарының құрметті азаматы: «Мен бүгін екі рет парламент депутаты болған куәліктерімді осы жерге белгілерімен тапсырдым. 2006 жылы қаңтар айында инаугурация болды. Сол жылы қатысқан әр адамға, қазақтың жалпақ тілінде тана дейді, орысша — медаль ғой, сондай ерекше белгі берген. Соны тапсырып отырмын.»

Құрметті азаматтар музейге жеке заттарын тапсырды

Музей төрінде қонақ болған 5 құрметті азаматтың 50-ден астам құжаты, қолданған бұйымдары мен жеке заттарынан көрме жасақталыпты. Құрметті азаматтар жиналған қауымға ел үшін атқарған елеулі еңбектері жайлы айтып, облысымыздың тарихына да тоқталды. Жастар өнегелі өлке азаматтарының өмір жолы және елеулі еңбектерімен танысты. Мұндағы басты мақсат — елін сүйетін, туған жерін қадірлейтін ұрпақ тәрбиелеу.

Гүлнар Аренова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры: «Біз кезең-кезеңімен облысымыздың өркендеуіне еңбегі сіңген ардагерлермен, Құрметті азаматтармен кездесулер ұйымдастырып келеміз. Осындай істердің нәтижесінде қазіргі таңда жыл басынан бері музейімізге 500-ден астам жәдігер жинақталды. Ол осы кісілердің жеке кешендерінен жинақталды.»

Бұл — акция барысында ұйымдастырылып отырған екінші іс-шара. Алғашқысы 8 наурыз қарсаңында өңіріміздің өркендеуіне ат салысып, ерен еңбектерімен ел қадірлісіне айналған нәзік жандылардың құрметіне өткізілген. Істің нәтижесінде апаларымыздан музей қорына 300-ден аса жәдігер жинақталыпты. Айта кетейік, акция жыл соңына дейін жалғасады.