Қайтарымсыз грант береді

653

Жастарды қолдауға арналған тағы бір жоба қанат қақты. «Жастар корпусын дамыту» деп аталатын тың бастама өңірімІзде және еліміздің басқа үш облысында (Павлодар, Қарағанды, Алматы) пилоттық режимде жүреді. Мақсаты – жастарды әлеуметтендіру, қоғамдық пайдалы істерге жұмылдыра отырып, ынталандыру. 

Жоба 18-29 жас аралығындағы өзіндік ой-арманы, мығым мақсаты бар қыз-жігіттерді қамтиды. Оның ішінде қоғамнан өз орнын табуда қиналып жүрген, жұмыссыз немесе жұмысы болса да күнкөрісі қиын осал топтағы жастарға басымдық беріледі. Үш құрамдас бөліктен тұратын жобаның ең алдымен әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін жастарға гранттар мен әлеуметтік шәкіртақылар ұсыну бағыты іске асырылады.

Бағдарламаға қатысу үшін 18-29 жас аралығындағы қыз-жігіттер кез келген бағытта (спорт, туризм, волонтерлік іс, т.б.), бірақ әлеуметке пайдалы жоба ұсынуы керек.

Конкурс негізінде іріктелінген жұмыстарға 1 млн теңге көлемінде грант бөлінеді. Яғни, ұсынылған идеяны іске асыру шығыны 1 млн теңгеден аспауы шарт.

«Жастар корпусын дамыту» жобасының ерекшелігі — берілетін грант қайтарымсыз. Грант сомасына алынған қажетті дүниелердің барлығы жастардың өзінде қалады және кейін өз кәсібін бастауға негіз бола алады.

Конкурста таңдап алынған жастар келесі 5 ай бойы арнайы бекітілген тәлімгер-менторлармен оқыту курстарынан өтеді. Ауылдағы жастар үшін оларға ыңғайлы мекенде, ал қаладағы жастар үшін облыстық «Жастар ресурстық орталығында» арнайы кабинет ашылады.

Менторлар алдымен жастарға өз жобаларын, өз командасын, өзін басқаруды үйретеді, ал сосын, жастарға қолдау көрсетеді. Қолдау жеке сессиялар немесе қатысушылар тобы үшін шеберлік сабақтары нысанында болуы мүмкін.

Жұмысын немесе оқуын тастау қажет емес, демалыс күндері және кешкі уақытта білім ала алады.
Айта кетер бір жайт, 5 ай оқу кезеңінде ЖОО және колледж студенттері 61 мың теңге, ал басқа жастар 26 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады.

Жастар корпусын дамыту жобасы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің қолдауымен іске асырылады. Бұған 20 млн АҚШ доллар қаржы бөлінген.
Биыл 400 жобаны қаржыландырып, шамамен 3000 адамды қамту көзделген.

Өтінімдерді 15 сәуірден бастап 15 мамырға дейін press@zhasproject.kz электронды пош-тасына, әлеуметтік желілердегі парақшаларына жолдауға болады.

«Жастар корпусын дамыту» жобасының анықтама тел:

8 (7172) 500-771
8-701-227-89-58

www.zhasproject.kz

Әлия ӘДІЛБЕК