Күнгейдің бас кітапханасы — «Отырар» кітапханасының қоржыны поэзия парақтарымен толықты. Мәдени ошақтың төрінен Қазақстанның жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Созақ ауданының құрметті азаматы Өскен Бөрғазының құрметіне әдеби бұрыш ашылды. Қаламгердің шығармашылығынан сыр шертер бұрышқа ақынның жыр жинақтары мен алған марапттары және суреттері қойылған. Қолжазбалары мен естелік дүниелері де бар. Бастаманы құп көрген қаламдастары да шараға арнайы бұрылып, көпшілікке кеш кейіпкерінің еңбектерін танысырды.
Мархабат Байғұт, жазушы: «Созақта боран да бар, үскірік аяз да бар. Созақтың табиғаты оңай табиғат емес, сонымен бірге өкпек желі мен өлкек желі де бар. Елбіреген, елжіреген, өлкек жел деген болады өзі. Бұл Өскеннің шығармашылығындағы мінезі де, қаламының тізгін қағысы да, тұлпар шабысы да тура сол өлкек жел сияқты. Еңбектері Созақтың бір самал желі сияқты есіліп тұрады. Ал жеке адами қасиетіне келер болсақ, қанша жерден дәулетті отбасының тумасы болса да ешқашан көкірегін керген емес. Қарапайымдылығымен парасаты оның жан-дүниесін байыта түсетін.»
Әдеби жиында ақынның туған жері мен өмір жолы баяндалатын бейне-бағдарламалар да көпшілік назарына ұсынылды. Еске алу кешке келген қаламгердің перзентттері, немерелері және өзге де ақындар өлең-жырын жатқа оқып, насихаттады. Айта өтейік, саналы ғұмырын педагогика саласына сарп еткен Өскен ақын бүгінге дейін оқырмандарына ондаған жыр кітабын сыйлап үлгерген.