Қала шетіндегі шағынаудан. Ұмыт қалған. Қоңырқай тіршілік. Айнала мүңкіген иіс. Күл қоқыстың ортасы. Қаңғыған ит те, егеуқұйрық та осында. Қоқысты ақтарып күн көретін ит-құспен қоңсы қонған ынтымақтықтардың көрген күні осы болып тұр. Қыс мезгілінде онша білінбегенімен, жаз шықса болды айнала мүңкіген иіске толып кетеді. Тіпті індет ошағына айналуы да бек мүмкін. Сырттан келген адам «қоқыс тастайтын полигон ба» деп ойлап қалары сөзсіз.
«Қалада тұрамыз» деген аты болғанымен «Ынтымақ» ықшамауданы тұрғындарының ауылдықтардан еш айырмасы жоқ. Коммуникациялық игіліктерден әзірге иегі қышымайтындықтан «ең болмаса айналамызды қоқыс тазартып отырайық» деген ынтымақтықтардың бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Өздері қарайтын Абай аудандық әкімшілігіне де, «Нұр Отан» партиясына да барып мұң-зарларын жеткізген екен. «Алайда ешқайсысынан қайран болмады» деп ашынады тұрғындар. Тіпті мұнда көшенің де аты жоқ. Жаңа құрылыс болғаннан кейін әзірге атаулы болу бақыты бұйырмай тұр. Қоқыс көп болған соң мұнда қаңғыбас ит те көп.
— Балаларымызды көшеге шығаруға қорқамыз. Күл-қоқыс «орталығында» тіпті бұрын соңды ел көрмеген құстар да жүр,- дейді ашынған жұрт. Биліктен қайран болмағаннан кейін өздері шақырып иттерді аттыруға тура келіпті. Қоқыстың басым бөлігі каналмен ағып келеді екен. Ешкімнен қайран болмағаннан кейін тұрғындар өздері қаржы жинап, техника шақырып каналды тазалаттырған. Алайда арада аз уақыт өтпей-ақ қайтадан қоқыс таудай болып үйіліп қалыпты. Әрине үнемі тазалық шараларын қарастырып, қатаң қадағаланбағаннан кейін қоқыстың үйілгені үйілген емес пе?
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары:
– Қоғамдық орындарды ластайтындарға қарсы жұмыс атқарылып жатыр. Жергілікті полиция бөлімдері де бекітілген. Қоқыс тастағандарға айыппұл салынатыны жөнінде тақтайшалар да орнатылып жатыр. Негізінде Қос диірмен, Қошқар ата өзенінің тазалығына, ирригациялық жүйелерге «ЛТД тұрмыс» ЖШС-і жауапты. Олар уақытылы тазартып тұрғанымен сумен ағып келетін «баклашкілер» жиналып қалатыны рас. Ықшамаудандағы тұрмыстық қалдықтарды шығару бойын-ша жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсы кеше бітті. Бүгін барлық мердігерлерді жинап, тапсырма беріп жатырмыз. Қыстан қалған қоқысты тез арада тазартамыз.
Тұрғындардың жанайқайын жеткізбек болғанда білгеніміз: мәселенің мәнісі тендерге келіп тіреледі екен. Осы шағынаудандағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы енді аяқталыпты. Жеңімпаз анықталып, таяуда жұмысына кіріспек. Сонда тендер өтпесе қоқыс жиналмауы қажет пе? Неге күл-қоқысқа дейін тендерге әкеп тіреп қоя береміз? Сұрақ көп, әрине…
Ал Абай аудандық әкімдігіндегілер қол қусырып қарап отырмағандықтарын, жыл басынан бері қосымша екі келісім-шартқа отырып, мобильді топтар жібергенін алға тартып отыр. Ретсіз қоқыс орындарын жою үшін үлкен техникалар жұмылдырылыпты. Темірлан тас жолындағы «Барыс» базарының маңы үлкен жолдың бойы болғандықтан тұрмыстық қатты қалдықтарды тастап кету жиі орын алады. Айналасын ластайтын мәдениетсіздерге айла жоқ болып тұр.
Былтыр Абай ауданының әкімі халық алдында есеп берген болатын. Тап-тұйнақтай етіп… Аудандағы тазалық шаралары ойдағыдай деп ойлағанбыз. Арада аз уақыт өтпей мынадай шу шығып отыр.
Сейсенбек Спатаев,
«Ынтымақ» шағынауданының тұрғыны:
– Мұнда екі тойхана бар. Қоқыстың басым бөлігі солардан шығады. Олардың тазалық сақтауына ешкім де құлықты болмағандықтан осындай халге жетіп отыр. Қаншама жылдан бері жиналып қалған қоқысты тазарту да оңайға түспесі анық енді. Абай аудандық әкімшілігін арыз да жаздық. Тұрғындар өзіміз ақша жинап, трактор шақыртып, каналды тазалаттық та. Алайда одан қайран жоқ. Тұрғындардың жанайқайына құлақ түрер жан табылмай тұр. Енді кімге арызданатынымызды да білмейміз.
Әкімнің былтырғы есебінде: «Аудандағы 206 ауланы, ішкі көшелерді, ирригациялық жүйелерді тұрмыстық қатты қалдықтарды тазартуға «Бадам Тас» ЖШС-і, «Ақсемсер» ЖШС-і, «Нұреке Азия Бизнес» ЖШС-і, «Арнаулыавтокөлік» ЖШС-і, «Айдынбек» ЖШС-і, «Астана Тэкон» ЖШС-і және «Арнаулы Авто шаруашылық» ЖШС-тері жауапты. Аудандағы санитарлық тазалауға 223 млн теңге бөлінген. Бүгінде Абай ауданында 33 шағынаудан бар. Шағынаудандағы жеке секторлардың тұрмыстық қатты қалдықтарын шығаруға «Арнаулыавтокөлік» ЖШС-імен келісім-шартқа отырып, қоқыстарды шығару жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, Самал-3, Солтүстік Батыс, Ақниет, Құрсай, Ынтымақ-2 шағынаудандарындағы халық санының өсуіне байланысты қосымша «Бадам Тас» ЖШС мекемесі тұрғындарымен келісім-шартқа отырып, аптасына бір рет тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысуда. Аудан әкімдігі аппаратының мамандары өзіне бекітілген учаскесіндегі мердігер мекемелердің санитарлық тазалық жұмыстарын бақылау, сонымен қатар стихиялық күл-қоқыс, тазаланбаған ирригациялық жүйелер (лоток) тазарту, жұмыстармен айналысатын мердігер мекемелердің жұмыстарының сапалы орындалуын қадағалау жүктелген» делінген болатын. «Айналасы жұп-жұмыр» әкім есебі осындай.
Белгілі болғаны күні кеше «Ынтымақ» шағынауданындағы қоқыстарды шығаруға мердігер мекеме «Нұреке Азия бизнес» ЖШС-і жеңімпаз деп танылыпты. Олар жұмысына енді кіріскелі отыр. Күл-қоқыс шығаруды да тендерге телміртпей басқаша жолын қарастыруға болмас па? Бұл енді құзырлылардың қолында.
«Ынтымақ» шағындауданындағы шу осымен тоқтаса жақсы. Алайда «тендердің» жырындағы қоқысты шығаратын белгілі бір уақыт бітіп, шағынаудан тағы да күл-қоқыстың ордасына айналмай ма? Бұл сұрақ әзірге басы ашық күйінде қалып отыр…
PS: Бет қатталып жатқанда Абай ауданы әкімдігіне тағы да қоңыраулатқанбыз. «Ынтымақ» ықшамауданындағы күл-қоқысты түгелдей тазалап, тап-тұйнақтай етіпті. «Отырар TV» телеарнасы халықтың жанайқайын жеткізгеннен кейін ғана. Қара халық пен биліктің арасындағы алтын көпір саналатын БАҚ осылайша сауапты іске мұрындық болды. Сонда дейміз-ау телеарна, газеттер араласпаса билік тұрғындардың жанайқайына құлақ түрмей отыра бере ме?!
Гүлжан ЖҰМАШ