Өмірінің өзі – өнеге

645

Ел анасы атанған Фатима Қадырбаева еңбекпен есейген жандардың бірі. Соның бір дәлеліндей «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» ордендері кеудесінде жарқырап тұр. Қазақ қыздарының арасынан маңдайы жарқырап озат атанған Фатима ханымның өмір жолы керемет сәттерге, ерекше оқиғаларға толы. «Ерлік» музейінде ұйымдастырылған сәрсенбілік сырласу кешінде Еңбек ерінің өмірбаянына қанықтық.
«Мектепті 1969 жылы бітірдім. Ол кезде жоғарғы оқу орнына түсу өткел бермес асу сынды еді. Бағымды сынап көрмек болып Алматыға барғаныммен тауым шағылды. Түсе алмадым. Содан Семей жастарын шопандыққа жолдап жатты. Соны қолдау мақсатында аттанып кеттім. 1979 жылға дейін шопан болып еңбек еттім. Арасында оқуға түсіп, диплом алдым. Қой бағу оңай шаруа емес. Оны ыстығына күйіп, суығына тоңған адам ғана біледі. Әкемнің ұл баласы жоқ болатын. Көмекші болып, бір қанатын демеуге септестім. Әкем оқымаған, сауаты жоқ. Санақ білмейді. Қойды бағып, күтімін жасап қана қоймай оны есепке алып отыру да оңай шаруа емес. Соның бәрі менің мойныма артылды. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен кәнігі маман болып, әбден ысылған мен бір жылға жетпей аға шопан атандым. Еңбегім ескеріліп, мал шаруашылығында төккен терім ақталып 1974 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайландым. Әкем Қадырбай Оралбаев нағыз өз ісінің маманы болатын. Қой жаюдың да өзіндік тәсілі бар. Алдындағы отарының бар бабын жасаудың бесаспабы еді. Миронос қой күндіз жайылмайды. Бір жерде үйіріліп тұрып алады. Соны түнемелетіп жаю әкемнің мойнында. Таңғы сағат 6-да суғаруға айдап келеді. Әуітті суға толтырып, күтіп отырамыз. Суды қанғанынша ішкен мал жусап жатады. Қора тазалаймыз. Ол да қол еңбегін, қара күшті көп қажет етеді.

Шопан болу дегенің әләуләйліміңді айтып, алдыңдағы қойды қыр асырып жайып келу емес. Қой төлдетіп, басын көбейтіп, бабын табуды білмесең қара таяғыңды ұстап қалуың да мүмкін. Сақпан ең ауыр кезең болатын. 700 бас қойды төлдету, нағыз еңбек майданы деуге болады. Күндіз-түні ұйықтамай бабын жасауға тура келеді. Қазан айында қолдан ұрықтандырылады. Ақ қойдың алды наурыз айының бесінен төлдей бастайды. Ер азаматтармен қатар маңдайдың терін тамшылатып тұрып еңбектендім. Әкем ұстаз. Қойдың бабын жасаудың бәрін үйретті. Тап бір қой шаруашылығының академигі сынды. Қолы майлы әкемнің арқасында мал басы көбейіп, осы шаруашылықтың қыр-сырының бәрін бес саусағымдай жетік меңгердім.

Қорада «тепляк» деп аталатын арнайы орын болады. Төлдеген малды сонда жылы жерде бір күн ұстаймыз. Кей қойлар қозысын алмай қояды. Емізбей әуре қылады. Оны қолмен қоректендіреміз. Бір сақпанда 750 қой төлдейді. 120 қойды бөліп аламыз. 60 қой егіздетіп туады. 60 қой, 60 қозы бір сақпан болады. Бірінші тума, екінші тумаларға ерекше күтім жасаймыз. Тап бір жаңа босанған әйелдің күтімінен кем болмайтын…Әуелгі арманым әрине шопан болу емес-тін. Есеп маманы болсам деген арманымның арқасында оқуымды да аяқтадым. 25 жасымда 25-ші КПСС съезіне делегат болып сайландым. 100 бастан 140-145 бас мал алдым. Жыл сайын 40-50 мал артық алып отырдық».

Жас өскіндерге өз өмірін өрнекпен өрілген өлеңдей етіп жеткізген Фатима апайдың әңгімесі сүйсінерліктей. Қоңыр кештерде соғатын керімсал сияқты адамның жүрегіне жайлап еніп, жүрегіңді жаулап алады. Бір қарағанда жаны нәзік, жүрегі жұмсақ адам осыншама ауыр жұмысты қалай істеген деп те таң қалғандайсың. Еңбегіне қарай өнбегі. «Үздіксіз, адал еңбек еткен адамға бақыт басын имей қоймайды» деген тағы бар. Абыройға орай кеңес кезеңінде құрмет, қошеметке бөленді. 1978 жылы Кубаға бүкіл дүниежүзілік жастар фестиваліне де барған. Ұлттық нақышта киініп, еліміздің туын көтеріпті.

Мархабат Байғұт:

– Жыл басынан бері «Ерлік» музейі ерлік жасап келеді. Түрлі жобалар бойынша бірталай жүздесулер, кездесулер, қызықты сырласулар, тебіреністі сағаттар өтті. Өтіп те жатыр. Өте де береді. «Ерлік» музейі болғаннан кейін ерлік туралы көп әңгіме болуы керек. Ерліктің ең үлкені еңбек ерлігі ғой. Мына біздің Фатимамыз еңбектің ерлігін жасаған адам. Еңбек ері атануға лайық еді. Бірақ сәл сәл жетпей қалды, бағаланбай қалды. «Ленин» орденінің өзі ол кезде еңбек ерінің маңайы деген сөз еді. Ең жоғары орден еді. «Еңбек Қызыл Туы» ордені нағыз еңбек адамына, еңбекте ерлік көрсеткен адамға берілетін орден еді. Фатима нағыз еңбектің ерлігін көрсеткен тұлға. Бүкіл қазақтың мақтанышына айналған көркем жаратылыс. Сұлу қыз. Ең сұлу әйелдің бірі. Біздің маңдайымызға біздің шымкенттің маңдайына біткен сұлу. Бір қарасаң Мәскеуге кетіп бара жататын, бір қарасаң Алматыға үлкен жиындарға кетіп бара жататын. Бір кезде өз қаламызда төралқада төредей болып отыратын. Жайнап. Сондай бақытты өмір кешті бұ кісі. Мақтауға, мақтануға тұрарлық тұлға.

«Мақтаныш кернеді бойымды» деп, сонда болған қызықты сәттерімен де бөлісті. «Жүзу білмейтінмін. Мәскеуден келген гимнаст қыз «мені жүзе алады екен» деп балонды тартып қалғанда суға құлап, батып кеткенмін. Мені құтқарып алып, 3 күн ауруханада жатып шыққаным бар. Елге келген соң намысқа тырысып, жүзуді бір демде үйреніп алдым». Бұл, әрине, намысқойлықтың арқасы.

«1986 жылы совхозда директор болдым. Қыс қатты болып, ауданға қатынай алмай қалғанымыз бар. Сол кезде мені қасқыр жеп кетіпті деген қауесет тарапты. Осылайша қасқыр жеп кеткен қыз атанғаным бар».

Еңбек ері бүгінде бір баладан 3 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты ана, бақытты әже. Жүзінен мейірім мелдектеп тұр, әдемі қартайыпты. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпепті. Әдемі қартая білу де өнер болса керек. Өзінен кейінгілерге айтар өнегесі бар өйткені. Бұл жағынан Фатима ханымның асығы алшы.

Гүлжан ЖҰМАШ