«Қуат жылу орталығы-3» мекемесіндегі бөлімнің жаңа басшысы қызметіне келе сала сәуір айындағы жылуға қатысты түсініктеме берді. Бұған себеп — қала тұрғындары жылдағыдай емес, сәуір айында жылудың төлемі туралы түбіртек алған. Ал жылу берушілер наурыз айында 31 күннің орнына 25 күнде пайдаланған жылуға төлем алынғанын айтады. Тиісінше, айдың қалған 6 күні сәуірге ауысқан.
Республика даңғылының тұрғыны Фания Чурбаева коммуналды қызметке келетін түбіртектерді үреймен күтемін дейді. Бұл жолы сәуір айындағы түбіртектегі жылуға қатысты төлемді көріп, аң-таң қалыпты. Жылу беру маусымы наурызда аяқталмады ма дейді 80 жастағы зейнеткер. Жағдайдың анық-қанығын анықтайын десе, қорғасын зауытында 40 жылдай еңбек еткен тыл еңбеккерінің денсаулығы нашар. Екінші топтағы мүгедек аяғы ауыратындықтан, жүре де алмайды.
Ал жылу берушілер наурыздағы түбіртекте 25 күн көрсетілгенін тыл ардагеріне түсіндіріп, қалған 6 күннің сәуірдегі түбіртекке автоматты түрде өткенін айтты. Дегенмен, осы мәселеге қатысты басқа да тұтынушыларда сұрақ туындайтыны бар. Осыны ескерген «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің тиісті бөлімінің өкілдері көпқабатты үйлердің тұрғындарынан қоңыраулар көп түсіп жатқанын теріске шығармады. Тек 65 мыңдай тұтынушымыздың көбісі дерлік наурыз бен сәуірдегі түбіртектердегі төлемдерді түсіне қоймаған болар дейді.
Марина Хохлова, «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің абонент, өткізу және сату бөлімінің басшысы: «Сәуір айындағы түбіртекке қатысты айтарым, наурыз айында біз 25 күн үшін төлем алған едік. Өйткені, жылу маусымының аяқталатын уақытын алдын ала білмедік. Түбіртектер айдың алғашқы он күндігінде таратылған болатын. Кейін жылу беру маусымы 31 наурызда, қала әкімінің қаулысы шыққан бойда тоқтады. Қалған 6 күнді сәуір айындағы түбіртекке енгіздік. Тұтынушы өз пәтерінің алаңын тарифтегі 123 теңгеге көбейтсе, тұтынған жылудың сомасы шығады. «Қуат жылу орталығы» тек тұтынған жылуға төлем алатынын кезекті рет еске саламын.»
Маманның мәлімдеуінше, тұтынушылар сәуір айындағы тұтынған жылу үшін төлемді мамыр айының 25-не дейін төлеуі тиіс. Бұл белгіленген мерзімнен бір күн кешіксе өсімпұл төлейді. Сондықтан жылу берушілер 2016-2017 жылдарға тұтынған жылу бойынша төлемдерді мерзімінде жасамаған тұрғындарды міндетті түрде есеп айырысуға шақырады.
Марина Хохлова, «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің абонент, өткізу және сату бөлімінің басшысы: «Екі жыл бұрын шымкенттіктерді жылумен қамтып келген мекеме мерзімінде төлем жасамаған абоненттерді қарыздарын өтеуге шақырады. Бүгінде «Қуат жылу орталығына» тұтынушылар 500 млн теңге қарыз. Алдыңғы жылдарда тұтынған жылуға төлем жүргізбеген мыңнан астам азаматтың ісі сотқа жолданды. Бүгінде қарыздарды өтеу бойынша біздің мекемемен 15 жеке сот орындаушылары жұмыс жасауда.»
Жылу берушілер қарыздарды толығымен өтейміз деген сенімде. Өйткені, заңды тұлғалармен жұмыс жасайтын бөлімде төлемдерге қатысты күрделіліктер жоқ. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Шымкенттегі заңды тұлғалар тұтынған жылудың төлемін мерзімінде өтеуде. Ал төлемдерге қатысты сұрақтарыңыз болса, 56-50-43 телефонына қоңырау шалыңыз. Немесе Жангелдин көшесіндегі №13 үйдің бірінші қабатында орналасқан абонент, өткізу, сату бөліміне келуіңізге болады дейді мамандар.