Көктемде «оянатын» аурулар

846

Көктем келісімен кейбір аурулардың қозып, бас көтеретіні бар. Бұл қыс бойына қажетті қордың азайып, ағзаның әлсіреуінен туындайды. Аяқ сіңірінің тартылуы, теріскен, артроз ауруларының алдын алуда бірнеше кеңестерге тоқталамыз.

1. Теріскен – иммунитеттің төмендеуін аз уақыттың ішінде пайда болып, тез бас көтеретін инфекциялық ауру. Күйзелгенде, ағзадағы дәрумендер жетіспеушілігінде, қаназдықта, ішек құрттарында да көзге теріскен шығады. Түймедақ, алоэ шырыны, қара шай тұнбасы, арнайы жақпамайлармен теріскенді сүртіп ем-дом жасайды. Аурумен күрес – сыртқы жақпамайлармен шектелмеуі тиіс. Иммунитетті көтеруде дәрумендерге бай азық-түлікті көбірек ішіп-жеген пайдалы. Әсіресе, көкөніс, жеміс-жидек, көк шөптерді көбірек тұтынуға тырысыңыз.

2. Адамдарды жиі мазалайтын аурудың бірі — аяқ сіңірінің тартылуы. Бұған себеп болатын жағдайлар өте көп. Көктем айларында калий, кальций, магнийдің ағзадағы жетімсіздігі сіңірдің тартылуына алып келеді. Ауруды алдын алудың бірден-бір жолы – үй жағдайында қарапайым ғана дәрі жасау. Кептірілген өрік, мейіз, жаңғақта аталған элементтер қоры өте мол. Соларды тұтыну қажет. Емдік дәрі дегеніміз де осы. Бұл сіңірдің тартылуына ғана емес, көктемде асқынатын көптеген ауруларға шипа болады.

3. Ауа райының құбылуы мен климаттың ауысуы – аяқты мазалайтын артроз секілді ауруларды да қоздырады. Егде жастағы адамның тізе буындары қақсап, күні бойы мазасыз күй кешеді. Сондықтан ақ халаттылар буындарында кінәраты бар науқастарға көктемде ағарғанды ішуге кеңес береді. Айран-сүтте сүйекке қажетті элементтердің барлығы кездеседі. Грек жаңғағында артроз кеселдің алдын алуға күші жететін темір, кальций, фосфорды табуға болады. Ал, саңырауқұлақ құрамында кальцийдің сіңімділігін жылдамдататын Д дәрумені бар.

Дайындаған: Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ