Шымкенттің тұрғындары коммуналды қызмет ақысын төлей алмай әбігерге түсті. Соның салдарынан «Энергопоток» мекемесінің алдында ұзын-сонар кезек жиналып қалды. Мұндағы мамандардың айтуынша, түрлі коммуналды қызмет ақысын төлейтін орталықтың жүйесінде қайта құру жұмыстары жүргізілген. Сөйтіп, халықтан төлемақы қабылдау жүйесі өзгерген. Яғни, аталған мекемеде табиғи газға төлем қабылданбай жатыр.
Бұл кезек 20 сәуір күні төлем қабылдау қайта басталғанда абоненттердің жиналып қалуынан пайда болды. Тұрғындар төлемақыны кешіктіруден қорқады. Осыған орай Шымкенттің бірнеше жерінен қосымша кассалар ашылды. Ал газдың төлемақысын қабылдайтын «Омега-21» мекемесі алдағы уақытта бірыңғай жүйеге қайта енеміз дейді.
Дариға Ахметова, «Энергопоток» ЖШС бас есепшісі: «Бірыңғай төлем жүйесінің біршама уақытқа өзгеріп және тұрғындардың кассада кезек күтуінің басты себебі — компьютер арқылы жасалатын жүйелердің жаңаруы. Мәселен, техникалық баяндамалар, құжаттаманы алмастыру деген сияқты. Біздің көптеген қызметтер — тұтынушы төлемді жасаған бойда қолына түбіртек алады, т.с.с. Сосын салық арқылы барлығы рәсімделіп отыруы керек. Міне, осындай жағдайлар аз-кем уақыт алды, жаңару жүйесі болғандықтан, тұрғындар түсінікпен қарайды деген үміттеміз».
Асхат Жайлаубек, «Омега 21» ЖШС директорының газ тарату жөніндегі орынбасары: «Қазіргі таңда бірыңғай төлем жүйесінде жаңа төлеу қызметі ойлап табылды. Соны енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша бұл жұмыстар аяқталды. Бүгінде осы Шымкент қаласы бойынша да толығымен бітті. Ал біздің мекеме ешқашан бірыңғай төлемнен бас тартпайды, қазір құжаттама жүйесі реттеліп жатыр, 2-3 күннің ішінде сол түбіртек арқылы қолданған газдың құнын да төлей аласыздар».