Коммуналды пәтерді сатып алуыма бола ма?

497

С: Арендалық тұрғын үй бағдарламасы аясында «Нұрсәт» шағынауданынан пәтер алдым. Айына 4000 теңгеден төлеймін. «Белгілі бір уақыт өткеннен кейін мемлекет үйді өз меншігіне алып қояды екен» деген әңгімелер естідім. Сондықтан тезірек өз меншігіме өткізсем деймін. Пәтерімді баспананы сатып алуға не болмаса тұрғын үй алудың басқа бағдарламаларына ауыстыра аламын ба?

Зарина ПАЙЫЗХАН

Коммуналды тұрғын үй қорынан баспанамен қамтамасыз ету мәселелері бойынша сауалға Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Жұлдыз Ордабекова жауап берді.

Ж: Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үймен қамтамасыз етілген азамат(ша) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлемақы төлейді. Төлемақы төлеу және тұрғын үйге қоныстандыру, оны пайдалану құжаты ретінде жалдау шарты түзіледі. Коммуналды тұрғын үй қорындағы тұрғынжайды бағдарламаның басқа бағыттары бойынша берілген тұрғын үймен айырбастау заңмен көзделмеген. Тұрғынжайды жекеменшікке өткізу тәртібі Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларын бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысымен айқындалады. Соның ішінде, мына 12 топтағы азаматтар тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіре алады:

1. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;

2. І және ІІ топтағы мүгедектер;

3. Чернобыль атом электр станциясындағы апатқа қатысқандар;

4. Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтан зардап шеккендер;

5. КСРО кезінде әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде орындау кезінде немесе майданда болуға байланысты ауруға шалдыққандар, Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезiнде жаралану, контузия алу, мертiгу салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер;

6. Арал маңында экологиялық қасіреттен зардап шеккендер;

7. Күнтізбелік есеппен жиырма және одан көп жыл еңбек сіңірген әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың және ішкі істер органдарының қызметкерлері;

8. «ҚР арнаулы мемлекеттік органдары туралы» ҚР Заңында көзделген жағдайды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезінде қаза тапқан арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің немесе әскери қызметшісінің отбасы мүшелері, бейбіт уақытта әскери қызмет міндетін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшінің отбасы мүшелері, қаза тапқан адамның еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, ішкі істер органдарында қызмет өткеру кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерінің отбасы мүшелері;

9. Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер; күнтізбелік есеппен он және одан көп жыл еңбек сіңірген және асырауында мүгедек балалар бар ішкі істер органдарының қызметкерлері;
10. Ішкі істер органдарында қызмет өткеру кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерінің отбасы мүшелері;

11. Саяси қуғын-сүргіндер құрбандары, «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңына сәйкес ақталған, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен адамдар;

12. Теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған қызметкерлерді қоспағанда, ішкі істер органдарының қызметтен шығарылған және күнтізбелік есеппен жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлері, сондай-ақ күнтізбелік есеппен он және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар және мүгедек балаларды асырап-бағып отырған қызметкерлер.

Дайындаған: Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ