Оңтүстікте ауылды жердегі ана өлімі азаймай отыр

264
Оңтүстікте ауылды жердегі ана өлімі азаймай отыр

Оңтүстікте ауылды жерлерде ана мен бала өлімі көбеймесе, азаймай отыр. Осылай деп мәлімдедеме жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары бұл қайғылы жағдайдың басым бөлігі елдімекендердегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда жиі болатынын ашып айтты.

Облыста былтыр 14 ана өлімі тіркелсе, соның он екісі ауылды жерлердегі тұрмысы төмен отбасыларда орын алған. Елдімекендердегі мұндай қайғылы жағдайлардың артуы медицина мамандарын алаңдатып-ақ отыр.

Роза Түзелбайқызы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Олардың индексі төмен көрсетуінен. Әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен. Үйінде ет жемек түгілі, қара нан мен қара су ішіп отқан көп балалы отбасылар бар. Талдау барысында әйелдердің көбі жыл сайын бала тууына бала жәрдемақысы сепбеп болады екен.»

Ал «Нұр Отан» партиясындағы сараптамалық топтың мүшелері ана өлімінің жиі тіркелуі әлеуметтік жағдайға байланысты емес дейді. Проблеманы шешу үшін «Нұр отандықтар» дәрігерлерге аурудың алдын алу жұмыстарын күшейту керек деп ұсыныс білдірді.

Қалай болғанда да денсаулық сақтау басқармасы елдімекендердегі медициналық қызметтің сапасын көтереміз деп отыр. Әсіресе ана мен бала өлімінің алдын алу үшін сала мамандары қазірден бастап ауылды жерлерге облыстық перинаталдық орталықтағы акушер-гинеколог қызметкерлерін арнайы бекітті. Қала орталығындағы мамандар шалғайдағы ағайындарға көмекке шұғыл жету үшін санавиация қызметін де қолданады.