Оңтүстіктегі дәрілік өсімдіктер жөн-жосықсыз пайдаланудың кесерінен бүгінгі таңда жойылып кетудің алдында тұр. Аталмыш мәселе құзырлы орган өкілдерін де алаңдатып отыр. Осыған байланысты таяуда облыстық прокуратурада «Дәрілік өсімдіктерді сақтайық» атты форум ұйымдастырылды. Басқосуға бірқатар депутаттар, атқарушы органдар және кәсіпкерлер қатысып, аталмыш мәселелерді талқыға салды.
Мүсілім Бәйтенов «ботаниктердің Меккесі» деп атап кеткен күнгейде дәрілік өсімдіктердің мың жарымға жуық түрі өседі. Солардың арасында, әсіресе, мия тамырын бақылаусыз жинау бүгінде басты проблемалардың бірі болып отыр. Оны экспорттау көрсетілген мөлшерден үш есеге артып кеткен
Данияр Мағауин, табиғатты қорғау прокуратурасының прокуроры: «Көпшілік сұранысына ие болып отырған мия тамырын қолданысын зерттеуден өткіздік. Нәтижесінде мия тамыры мөлшерден тыс көрсеткіште жинақталып, экспортталғаны анықталды. Көрсетілген жерлерде бұл өсімдікті жинақтау ресми түрде рұқсат етілмеген. Ал оны жинаумен арнайы мамандар емес, қарапайым адамдар айналысады екен. Бұл істе біліктілігі жоқ болғандықтан, олардың әдісі ережелерге қайшы. Және бұл үшін ешкім жауапқа тартылмаған. Зерттеу нәтижесінде соңғы төрт жылда мия тамырының рұқсатсыз қолданылғаны үшін барлығы жеті адам әкімшілік жауапқа тартылған. Олардың әрекетінен келген шығын 130 мың теңгені құрап, сәйкесінше айыппұл салынды.»
Данияр Мағауин бүгінгі таңда өңірімізде өсетін мия тамырының жалпы қоры жайлы анық ақпарат жоғын алға тартты. Бұл қаржының жеткіліксіздігінен екенін де атап өтті. Сондықтан, ең алдымен, жоғары сұранысқа ие өсімдіктер өсетін аумақты толық зерттеу қажеттігін айтады. Сондай-ақ, мия тамырын қолдану ережелерін бұзушыларға жаза тағайындауды ұсынды. Аталған мәселеге сай қатысушылар өз ойларын ортаға салды.
Бұл мәселе Жанат Атымтаевтың баяндамасынан жалғасын тапты. Жанат мырза да бұл ұсынысты қолдап, мия тамырын жасанды жолмен өсіруді ұсынды.
Жанат Атымтаев, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бас сарапшысы: «Мия тамырының табиғи жолмен қалпына келуі үшін 5-6 жыл керек. Сондықтан бұл мәселенің маңыздылығына мән бермеуге болмайды. Бүгінгі таңда орман қорының аумағын ресурсты тексеруден өткізу қажет. Ол үшін әр облыс әкімшілігінің қаржы бөлуін ұсыну керек.»
Бүгінгі форум дәрілік өсімдіктерді қолдануға шек қоюды мақсат тұтпайды. Тек заңмен реттеуді алға тартады. Бұл, өз кезегінде, пайдалы флораны сақтап қана қоймай, ел экономикасының өркендеуіне септігін тигізеді. Енді форумның құжаттарын қарау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолдау туралы шешім қабылданды.