Шымкентке француз әншісі келді

Шымкентке француз әншісі келді

 

Таңғажайып ырғақ алғашқы минуттардан-ақ тыңдарманды джаздың тылсым әлеміне ала кетті. Элизабет Контоманудың аздап қарлығатын, бірақ өзіне жарасымды өзгеше даусы көрерменін баурап алған. Бұл — әншінің Шымшаһарға алғаш келуі. Алайда, әлемді шарлап ән шырқап жүрген әнші жергілікті сахнаны жатсынған жоқ. Оның болмысынан, тіпті, ерекше батылдық байқалғандай.

Элизабет Контоману, джаз әншісі: «Мен әрдайым көтеріңкі көңіл-күйде жүремін. Әрдайым тек жақсыға ниет етемін. Бүгін джазды бағалай білетін күллі әнсүйер қауымның құлағы үйренген Луи Армстронг, Билли Холидэй және Элла Фицжеральдтың әндерін орындадым.»

Элизабет Контоману — Францияның тумасы. Әкесі гвинеялық, ал анасы грек қызы. Францияда бұл өнерді бала жасынан бойға сіңіріп өскен өнер иесі уақыт өте келе, шебер орындаушы болып қалыптасады. 80-жылдары Элизабет француз сахнасының мэтры Мишель Легранның көзіне түсіп, оның шығармаларын орындай бастайды.

Ал өзінің жеке күйтабақтарын 90-жылдары шығарып, 2000-жылдары байқаулардан жүлделі орындарға иеленеді. Енді бүгінде әлем халқын әсем әнге бөлеп жүр. Әншінің Қазақстанға келуі елімізде аталып жатқан Франкофония фестивалімен байланысты.

Бүгінде әлемдегі ең үздік 20 джаз орындаушысының біріне айналған Контоману Алматы, Астана, Қарағандыда ән салып үлгерген екен. Шымкенттіктердің өзгелерден ерекшелейтін қонақжайлылығы мен жылулығын Элизабет те байқап үлгеріпті. Енді келесі концертімен Шымқалаға шілде айында келуді жоспарлап отыр.