Жуырда тағы бір отандық кино көрерменге жол тартқан-ды. «Соқыр махаббат» деп аталатын картина желісі зағип қыздың ауыр тағдырын баяндайды. Фильмге отандық шоу-бизнестегі бірқатар белді тұлғалар түскен.
Мақпал Жүнісова сынды елге танымал әншілер саундтрек жазғанын да айта кету керек. Жарыққа шықпастан ел арасында қызу талқыға түскен фильм көрерменнің сұранысына ие. Оған адамға лық толы зал куә. Авторы әнші әрі продюсер Сиви Махмуди бастаған түсірілім тобы күні кеше Шымкентке келіп, аталмыш фильмді күнгейлік көрерменмен бірге тамашалады. Махмуди бұл фильмнің өзге қазақ киноларынан ерекшелігін алға тартты.
Сиви Махмуди: «Фильм сапасымен ерекшеленеді. Отандық кинотуындылардың деңгейі төмен дей алмаймын. Алайда, көбіне әріптестер үнемдейміз деп, сапасын ақсатып алады. Онымен қоса әдетте фильм сюжеттері махаббат не комедиялық тақырыпта болса, бұл ретте біздің сценарий де ерекше. Соқыр қыздың ауыр тағдыры жайлы.»