Шымкенттің кардиохирургтары жүрекке бір сәтте екі ота жасады

Шымкенттің кардиохиругттары жүрекке бір сәтте екі ота жасады

Шымкенттің кардиохиругтары алғаш рет жүрекке қатарынан күрделі екі ота жасап шықты. Бұл үшін облыстық кардиологиялық орталыққа Түрциядан білікті дәрігерлер келіп отыр. Осылайша жергілікті мамандар отаны шетелдік әріптестерімен бірге жасады. Күрделі отаны жүзеге асыру үшін мамандар жоғары технологиялық кардиоблейд аппаратын қолданды.

Операция үстелінде жатқан науқастың жүрегінде бірнеше ақау бар. Сондықтан кардиохирургтар бір мезетте жүрекке екі ота жасады. Алдымен мамандар істен шыққан жүрек қақпақшасын ауыстырып, кейін жүрек ырғағын реттеу үшін радиожиілік абляция әдісін қолданды.

Бауыржан Байтөре, кардиохирург: «Негізі, мұндай операция біздің Шымкенттегі кардиологиялық орталықта жасалмаған. Өйткені бұл ота жүрек ақауының, төртінші, яғни ең ауыр сатысында жасалады. Мұндай науқастарды біз Астана қаласына жіберетінбіз. Енді өзіміздің облыстық кардиологиялық орталықта жасауға дайынбыз.»

Жергілікті дәрігерлер жүрекке мұндай қатарынан екі операцияны алғаш рет жасап отыр. Күрделі ота болғандықтан, Түркияныңд енсаулық сақтау саласындағы білікті мамандар арнайы шақырылды. Шетелдік дәрігерлер операцияның басы-қасында жүріп, дұрыс орындалуын түсіндірді.

Белхам Акпинар, Түркияның Istanbul Florence Nighyingale ауруханасының бөлім меңгерушісі: «Бұл ота үшін бес науқасты таңдадық. Күрделі отаны жасау үшін жоғары технология және білікті мамандар қажет. Операция сәтті өтті деп айта аламын. Шымкенттік кардиохирургтар отаны екі есе жақсы жасап шықты. Сондықтан ары қарай әріптестік байланыста жұмыс жасауға дайынбыз.»

Күрделі ота кезінде хирургтер алғаш рет кардиоблейд аппаратын қолданды. Жоғары технологиялы бұл құрылғы күрделі оталарды жасауда таптырмас құрал. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен биыл облыстық кардиологиялық орталыққа 10 кардиоблейд апаараты әкелінді. Осының нәтижесінде жергілікті мамандар жүрекке қажетті күрделі оталарды енді өздері жасайтын болады.