Қоғамдық орындарда алкоголь ішімдік ішіп, жұрттың мазасын алғандарды заң басы-нан сипамайды. Оларды ортадан оқшаулап, мастығынан айыққанша ұстайтын орындар бұрын да бар еді, бүгін де жоқ емес. Орталықтың бүгінде аты да, заты да өзгерген. Бұрын Ішкі істер органдарының қол астында болғанда «қалалық медициналық айықтырғыш» деп аталса, қазір «Уақытша бейімдеу және уытсыздандыру» орталығы деп аталады. Бұрын мұнда тек бір ғана дәрігер болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына өткелі бері мұнда түскендерге толық медициналық көмек көрсетіледі. Орталықта дәрігер, медбике, фельдшер жұмыс істейді.
1. «Айықтырғышқа» кімдер жеткізіледі?
– «Уақытша бейімдеу және уытсыздандыру» орталығына көбіне қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, тәртіп бұзған жеңіл және орта дәрежедегі мас халдегілер жеткізіледі. Дәрігердің тексеруінен өткізіліп, егер жеңіл дәрежеде болса, айыққаннан кейін жағдайына қарай үйіне қайтарылады. Ал орта дәрежеде болса, «айықтырғышқа» жатқызылады. Ауыр дәрежеде болса, онда наркологиялық ауруханаға жөнелтіледі. Ауырсыну жағдайлары болса, алғашқы медициналық көмек көрсетіледі.
2. «Айықтырғышқа» кімдер жеткізеді?
– Ішімдікке тойып алған азаматтарды уақытша ұстау изоляторына апармайды. Айналасының тынышын алып, төбелес шығарып жатқан «ішкішті» учаскелік полиция айықтырғышқа алып кетеді. Одан бөлек патрульдік полиция, жедел жәрдем жеткізеді. Кейде бір мекеменің заңгерлері басшысының айтуымен жолдама бойынша алып келеді. Айықтырғышта тегін, кешенді түрде емдейді. Айықтырғышқа жеткізу тәртіп сақшыларының мойнында. Мастығынан айықтыру орталықтың мойнында. Ал, емдеумен наркологиялық ауруханалар айналысады.
Жұлдызбек Сабыров, «Уақытша бейімдеу және уытсыздандыру» орталығының меңгерушісі:
– Бүгінде орталығымызға түсетіндердің қатарында өкінішке қарай нәзікжандылар да бар. Олардың саны көбеймесе, азайған емес. Палатаға жатқызылғанда олардан жеке заттары, белдік, телефоны бәрі алынып, жеке қорапшада сақталады. Біздің негізгі міндетіміз – азаматтарды мастығынан айықтыру, ал маскүнемдікке салынып кеткендерді емдеу наркологиялық диспансердің міндетіне кіреді.
3. Орталықта неше уақыт ұсталады?
– Шымкент қаласындағы уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығы 20 орынға лайықталған. Мұнда тәулігіне 30-ға жуық адам түнемелікке түседі. Жыл сайын орташа есеппен 11-12 мың адамға дейін қабылдайды. Мұнда «қонаққа келгендер» 3 сағат пен 8-10 сағаттың аралығында болады. Бір палатада 4-5 кереует бар. Учаскелік полиция арқылы үйіне қайтарылады. 3-4 сағаттан кейін туыстары алып кетсе де болады.
4. Хаттама толтыру кімнің құзырында?
– Азаматтардың жұмыс орнына ескерту хат жіберу, хаттама толтыру, айыппұл салу «Уақытша бейімдеу және уытсыздандыру» орталығының міндетіне кірмейді. Оның барлығын учаскелік полиция атқарады. Бұл орталықтың міндеті: сылқия мас болғандарды айналасына қауіп төндірмейтіндей халде айықтырып үйіне қайтару болып табылады.
5. Қоғамдық орындарда мас халде жүргендерге салынатын айыппұл көлемі қанша?
– Қоғамдық орындарда мас халде жүргендерге – 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады, яғни 10 605 теңге.
6. Ал наркологиялық диспансерде азаматтар неше күн емделеді?
– Алкогольді ішімдікке сылқия тойғандарға мұнда медициналық әрі психологиялық көмек көрсетіледі. Наркологиялық диспансерде азаматтар екі апта ем қабылдайды Соңғы уақытта мұнда емделуші азаматтардың қатары көбейгенімен, дәрігерлердің айтуынша есепке алынатын маскүнемдердің саны азайып келеді екен. Мұнда ауыр алкогольмен уланғандар жеткізіледі. Есепте тұратындарға кешенді ем жүргізіледі. Орталық 210 орынға лайықталған.
Гүлжан ЖҰМАШ
«Уақытша бейімдеу және уытсыздандыру» орталығының телефоны: 54-02-52