Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 6,35 триллион теңге жиналған. Бұл 10 млн 150 мың адамның салымы. Ал елімізде зейнетақы жүйесіне өзгерістер енді. Зейнетақыны есептеудің жаңа ережесі бекітілді. Осы жөніндегі бірқатар сауалдарға «Әлеуметтік төлемдерді ведомоствоаралық есептеу орталығы» департаменті директорының орынбасары Несібелі Қаражанова жауап берді.
С: Еңбек өтіліне қарай зейнатақы мөлшері қалай есептеледі?
Ж: 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық азаматтарға бірдей тағайындалатын базалық зейнетақы бір мөлшерде беріледі. Ол 0,54 пайызға тең, яғни 12 802 теңге. Қайта есептеуге 2018 жылғы 1 шілдеге дейін тағайындалған мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері жатады. Төлемінің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты қайта есептеледі. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін есептеу тәртібіне байланысты мынадай жағдайларды атап өткім келеді. 2018 жылдың 1 шілдесіне дейінгі алып жатқан базалық зейнетақысының 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі ынтымақты жүйеде және жинақтау қорында істеген уақыты бірге есептеледі. Егер азаматтар 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыс істеп, жинақтау қорына қатысқан болса, базадағы деректермен зейнетақы автоматты түрде есептелінеді. Сондықтан бұл жерде базалық зейнетақыны есептеу кезінде қосымша құжаттар қабылданбайды.
С: Мен техникалық қызметкер болып жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Сонда менің зейнетақым қанша болады және 1 шілдеден бастап неше теңгеге өседі?
Ж: Техникалық қызметкер 1998 жылға дейінгі 23 жылдық еңбек өтілі болып, 2015 жылы зейнетке шықты делік. 1998 жылға дейінгі 23 жыл, одан кейінгі 17 жыл. Яғни, 40 жылдық еңбек өтілі бар. Жалақысы 30-40 мың. Қорға ай сайынғы құйылған 10 пайызды есепке аламыз. Өзінің ынтымақты еңбек зейнетақысы 28 128 теңге, базалық зейнетақысы – 24 450. Екеуін қосқанда 52 598 теңге тағайындалады.
С: 1982-84 жылдар аралығында әскерде болдым. 1994 жылға дейін зауытта жұмыс істедім. Кеңес үкіметі тарқағаннан кейін сауда саласына кеттік. Араға уақыт салып кейін басқа жұмыстарға орналастым. Осы жылдардағы еңбек өтілім ескеріледі ме? Арасы үзіліп қалған жағдайда зейнетке шыққанда еңбек өтілі қалай есептелінеді?
Ж: Еңбек кітапшасында жұмыс істеген уақыттар анық жазылып, мөрлер өшпесе, аты-жөндері жеке куәлігімен бірдей, барлығы заңды болса — ешқандай мәселе жоқ. Сол еңбек кітапшадағы өтілдер есепке алынады. Зейнетке шығатын кезде әскери билеттің түпнұсқасы, еңбек кітапшаңызды алып келесіз. Ал, қайта базалық зейнетақыны есептеу кезінде 1998 жылдан кейінгі қызмет еткен жылдарыңыз жинақтау қорындағы қаржыға байланысты автоматты түрде есептелінеді.
Дайындаған — Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ