Енді емханаңызда мәртебеңізді анықтамасаңыз, сізге медициналық көмек көрсетілмейді. Өйткені биыл шілде айынан бастап міндетті сақтандыру аясында азаматтарға әлеуметтік көмек жаңа тәртіппен көрсетіледі. Осыған орай жергілікті емханаларда тіркеу науқаны басталды.
Қазақстанда 2017 жылдың шiлдесiнде медициналық сақтандыру енгiзiледі.Осыған орай азаматтарды емханаларға тiркеу науқаны басталды. Сондықтан елiмiздiң әр азаматы өзiнiң халықтың қай санатына жататынын анықтап, әлеуметтік көмек алудағы өзінің мәртөбесін білуі тиіс.
Эльмира Сәуленбиева, бөлім меңгерушісі: «Халықтың жұмыс істейтін, жұмыс істемейтін статусын анықтауымыз керек. Жұмыс істейтіндерге жұмыс берушілер сақтандыруға ақша бөледі. Ал жұмыссыздар арнайы орталыққа барып тіркелуі керек. Жұмыс істемейтін азаматтар жұмыссыз болып тіркелетін болса, оларға медициналық қызмет тегін көрсетіледі.»
Ал жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар салық басқармасына барып тіркелеуі тиіс. Мұнан соң жеке кәсіпкер екеніңізді растайтын құжатты өз емханаңызға әкеліңіз. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған бұл азаматтар да медициналық сақтандыру қорына қаржы төлейді.
Енді әлеуметтік сақтандыру бойынша тегін медициалық көмек алатын азаматтарға тоқталсақ. Олар — 18 жасқа дейінгі балалар, көп балалы аналар, ҰОС ардагері, мүгедектер, жұмыссыз азаматтар, студенттер және 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, зейнеткерлер және жазасын өтеушілер мен әскери әрі медицина қызметкерлері. Атап өтсек, азаматтар тұрғылықты мекенжайына қарамай қалаған емханасына тiркеле алады. Тіпті, жаңа сақтандыру жүйесі бойынша емханадағы қызметті жеке клиникаларда пайдалана алады.
Роза Түзелбайқызы, облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары: «Біздің облыста жекеменшік және мемлекеттік 47 медициналық емхана бар. Соның 35-і мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік. Сақтандыру аясында азаматтар «ДауМед», «Орынбаев» » Айнұры» сияқты емханалардың бірін таңдап, қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ, Түркістандағы «Талғат», «Ақмарал» және Арыс ауданындағы тораптық ауруханада мемлекеттік қызмет көрсетіледі.»
Денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктер жеке клиникалардың жұмыс көлемін арттыру арқылы бәсекелестікті күшейтпек. Тағы да еске сала кетсек, сақтандырылмаған азаматтар кешенді медициналық көмекпен қамтылмайды, оларға алғашқы медициналық қызмет қана көрсетіледі. Ал 2018 жылдың қаңтарында әлеуметтік осал топтар үшін мемлекет жарна төлей бастайды. Осы кезеңнен бастап жұмыс берушілер де жұмысшылары үшін жарна төлейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнаны 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлесе, 2019 жылдың 1 қаңтарында жұмыскерлердің өздері жарна төлей бастайды.