Шымкенттегі әкімшілік сотта судьялар, сақтандыру компанияларының өкілдері мен жергілікті полиция қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Мұнда талқыланған басты тақырып — жол-көлік оқиғалары құжаттарын рәсімдеуді оңтайландыру мен материалды шығынның өтемін төлеуді жылдамдату. Бүгінде мұндай даудың шешілуіне осы үш тарап та қатысты, ал көілк иелері соттың шешімімен барлық уақытта келісе бермейді.
Жол апаты болғанда оқиғаның әділ шешілуі тек соттарға ғана емес, полицейлер мен сақтандыру компаниясы өкілдеріне де байланысты. Міне, дәл осы тұста проблема жиі туындайды. Нақты айтқанда сақтандыру өтемінің кешіктіріліп төленуі — жол апатына ұшыраған жүргізушілердің шағымдарының бірі. Сақтандырушы компания өкілдері бұл тұста жол-көлік оқиғасын рәсімдеген полицейлердің асықпауын алға тартады. Ал тәртіп сақшыларының да өз айтары бар.
Бағдәулет Әуелбеков, Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары: «Біздің жүргізушілер кейде асығып, іс материалдарын тез алғысы келеді. Бірақ, олардың өздерінің әрекеттері де кейде дұрыс болмай жатады. Полицейлер бір жерлерде сәл тұрып қалса, жүргізушілер кетіп қалады. Ал материал жинау — оңай іс емес.»
Сақтандыру агенттері іс материалдарын интернет арқылы электронды түрде жіберу шығынды өтеу процесін біраз жеңілдетер еді дейді. Қазіргі таңда сақтандыру компаниялары мен полиция қызметкерлері арасындағы ақпарат алмасу мәселесі әлі шешілуде, ал соттың шешімін кабинеттен шықпай-ақ алуға болады.
Қазақстанда европалық хаттама тәжірибесі қолданысқа енгізілсе, материалдық шығынды өтеу процесі жеңілдер еді дейді дөңгелек үстелге қатысушылар. Яғни, қатты шығын болмаған жағдайда жол апатын полицейлердің қатысуынсыз рәсімдеу. Бұл тәжірибе жақын болашақта еніп қалуы да мүмкін. Ал әзіге туындаған дауды шешуді талқылау үшін тәртіп сақшылары мен судьларға осындай дөңгелек үстел өткізіп, проблемаларды талқылауға тура келеді.