Аты аңызға айналған оркестр күнгейге келді. Күй атасы — Құрманғазы атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі 26 жыл дегенде, алғаш рет Оңтүстіктегі өнерсүйерқауымға есеп берді. 83 жылдық тарихы бар ұжымның тұщымды кешін біз де тамашалап, күй-қоржынымен танысып қайтқан едік.
Алматылық өнер ұжымы күнгейліктерге алдымен өздерінің, халық арасында Құрманғазының төлқұжатына айналған туындысы — «Адайды» ұсынды. Күйдің құдіреті әп-сәтте «Түркістан» сарайының төрін тылсым-тербеп, тұрғындарды ерекше сезім-сыйқырмен серпілтіп тастағанын байқадық.
Арман Жүдебаев — Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері. Өнер иесі бір уақытта бір аспап емес, бүтін бір ұжымды басқарды. Жауапкершілігінің жүгі ауыр — әйгілі күйлердің күмбірлеп, сазды ұрмалы, үрмелі, шекті аспаптардың шалқи-шарықтауына сеп болады. 30 жастағы кейіпкеріміз арнамыздың көрермендері алдында кәсіби шеберлігінің құпиясын ашты.
Арман Жүдебаев, Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері: «Оркестрдегі ұжымды сөзбен емес, бір ғана таяқшамен басқару өте қиын! Бұл қадам — үлкен шеберлік пен жауапкершілікті қажетсінеді. Яғни, өз мамандығыңды жетік білу жеткіліксіз, мол тәжірибе жинақтау да маңызды. Әрине музыканттарды, әртістерді жандандырып, жұмысқа деген қызығушылығын арттыру үшін сахна төрінде тікелей байланыста боламыз. Тіпті ойымызды, бір-бірімізге деген ұсыныс-тапсырманы қолмен ғана емес, жүрекпен сезіне жеткіземіз».
83 жылдық тарихы бар, күй-қоржынының өзі 4000-нан асып жығылатын ұжым айтулы кеште Құрманғазының күйлерінен бөлек, әйгілі сазгер Шәмшінің еңбектерін де етене дәріптеді. Шетелдік авторлардың шығармалары да шет қалмады. Бүгінде аты аңызға айналған айтулы оркестрдің негізін кезінде халық әртісі Ахмет Жұбановтың өзі қалаған. Ал қазіргі жетекшісі Нұрғиса Дәуешов осы күнгейдегі алғашқы іс-сапардың мақсатын жасырған жоқ.
Нұрғиса Дәуешов, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры:»Жергілікті өнер ұжымдарының әрбір күйді шебер ғана емес, өз қалпында орындауы үшін — бұл іс-сапардың орны ерек. Әсіресе, кезінде ата-бабаларымыз қалдырып кеткен, мәселен Нұрғиса Тілендиев пен Ахмет Жұбанов секілді авторлардың еңбек-мұраларын ешбір бұрмалаусыз бүгінгі толқынға жеткізуде бастаманың көмегі ауадай қажет! Ал біздің ұжым қай кезде де күйді дәл сол қалпында, шебер орындау қабілетімен ерекшеленеді. Айтайын дегенім, мәселен, Моцарттың «Түрік маршы» шығармасы әлемнің барлық жерінде ойналады, бірақ ешбір нотасы өзгермейді, қазақтың күйлері де сондай болуы керек».
Бақытжан Ешенқұлов, көрермен: «Маған ұнағаны сол — өнерпаздар қазақтың домбырасы мен өзге де кез келген сазды аспапты төл орындау шеберлігімен тартып, шертіп жатыр. Шынында қазақы ұлттық күйлерді сағынып қалыппыз. Рухани демалдық. Осындай ерекше мерекелік көңіл күй сыйлаған ұжымға айтар алғысым шексіз!»
Айта өтейік, Алматыдағы “қара шаңырақ” — Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің жасағында бүгінде 80-нен астам кәсіби маман қызмет етеді.