Қызылмияны «Қызыл кітапқа» енгізбей, тыныштық жоқ

1425

Еліміздегі табиғат байлығын өзгелерге өңгеріп беруде басты бәйге қанжығамызда. Әсіресе фармацевтика саласына аса қажетті қызылмия тамыры қымбатқа бағаланғанымен, қызығын шетел көруде. Ауылдағылар тайлы-тұяғы қалмай үйден безіп, дала кезіп мия тамырын теруге көшті. Ауылдағы ағайынды да кінәлауға болмас, жұмыссыздық жағасынан алып отыр. Алайда еліміздің байлығын шетелдіктердің қанжығасына байлап жібере берсек, даламыздағы дәрілік шөптерді емге таппай қалармыз.

Алтын тамыр деген қосымша атауы бар қызылмияны өткізушілер күректі қойып, ауыр техникалармен қопаруға көшті. Оларға тоқтам сала алмайды екенбіз. Өйткені қызылмия «Қызыл кітапқа» енгізілмепті. Мия тамырын қазушылар қолға түссе «қылмыс құрамының болмауы себепті қылмыстық іс қозғаудан» бас тартылады. Себебі де салмақты. ҚР Үкіметінің бекітілген өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесінде мия өсімдігі енгізілмеген. Құқық бұзушы бар. Қақпан қауқарсыз…

Қызылмияны пайдаға кенелу мақсатында өткізетіндер оның жинау технологиясына мән бермейді. Салдарынан оның түп-тамырымен құрып кетуіне «көп көмек қолын созады», нақты дәлелі — жердің бүлінуі. Бұл мәселе көптен бері көптің көкейінде жүрген. Жуырда облыстық прокуратурада «Дәрілік өсімдіктерді сақтайық» атты форум өткізілді.

Дәрілік өсімдікті жинау үшін рұқсат алу қажет. Бірақ оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Өңіріміз көптеген дәрілік шөптердің отаны екені белгілі. Оларды жинау үшін мемлекеттік экологиялық экспертизаның биологиялық дәйектемесі мен жер пайдаланушының рұқсаты керек. Заңды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Ал жинағаны үшін төлем төлеуі қажет. Бұл талап қызылмияға жүрмейді. Себебін айттық…

Мамандардың айтуынша дәрілік шөптерді экспорттаушылар рұқсат беретін лицензия алады, бірақ оған өздеріне тиімді бағаны қойып алады екен. Сөйтеді де ірі елдімекендерде мия тамырын қабылдайтын бөлімдер ашады.

Өсімдіктерді, оның тамырын жинау технологиясынан хабары бар мамандар айналысуы керек. Өкінішке қарай, мұнымен қарапайым жұмысшылар айналысады. Олар мия тамырын қалай болса солай жұлып алып, ақшаға өткізгеніне риза. Қопаны жырту тереңдігін ескермейді. Мия тамырының қайта шығуы үшін бөлік қалдырмайды. Атыздарды өңдеу жүргізілмейді. Жинау жиілігі де сақталынбайды. Негізінде оның қайта түлеп шығуы үшін 6 жыл қажет екен. Осындай немқұрайдылықтың салдарынан табиғатқа залал келгенімен ешқандай жаза қарастырылмаған. Бір ғана жаза бар. Жерді ұтымсыз пайдаланғаны үшін ғана жазаға тартуға болады. Мұндай бап бойынша ешқандай іс қозғалмаған.

Конституция бойынша өсімдіктер әлемі мемлекеттің қарауында болып саналады, ал оны жинаушылар қазына қоржынына бір тиын да төлемейді. Өйткені бұл заң жүзінде қарастырылмаған. Мемлекеттік кіріс органдарының мәліметінше соңғы 4 жылда шетелге 63 мың тонна мия тамыры жөнелтілген.

Данияр Мағауин, ОҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының прокуроры:

– Мемлекеттік кіріс органдарында қызылмияның көп көлемде экспортталғаны туралы мәліметтер бар. Оны жинағаны үшін жауапқа тартылғандар жоқ… Соңғы төрт жыл ішінде дәрілік мақсаттағы өсімдіктерді жинағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке бар болғаны 8 адам ғана тартылған. Одан келген зиян 130 мың теңгені құрап, толық көлемде өндіріліп алынған. Орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс орналасқан жерлерде дәрілік өсімдіктерді жинау осы күнге дейін заңмен реттелмеген.

Дегенмен осы уақыт аралығында республикалық Ботаника және фитоинпродукция институтынан 20 мың тонна жинауға ғана рұқсат берілген. Бұдан шығатын қорытынды артық 43 мың тоннадан астам мия тамыры жиналғаны әрине табиғатқа залал келтіру болып саналады.

Кейбір экспорттаушылар қандай да бір жолмен елден алынып шығатын мөлшерін рұқсат берілген мөлшерден кемітіп көрсеткен. Оның қоршаған ортаға тигізер залалы аз емес. Өсімдікті жинау технологиясы бұзылған жағдайда өсімдік қана емес, жер де деградацияға ұшырайды.

Мемлекет өз байлығынан қолынан шығарып… қазынаға түсетін қаржыдан қағылады. Заңдағы олқылықтар көлеңкелі экономиканың гүлденуіне жол ашады, өйткені дәл осы салаға бақылау жоқ. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Өсімдіктер туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Қолданысқа енгізілсе, заңсыздыққа тұсау салынар еді…

АЙТПАҚШЫ…

Еліміздегі кәсіпорындарда 100 түрлі өсімдік шикізатының 20 тоннасы ғана өңделеді. Бұл бүкіл жиналған өнімнің 3 пайызын ғана құрайды. Қалғаны жартылай өңделген күйінде экспортталады. Ал дайын өнімдердің бағасы бастапқы шикізаттан 7-10 есе жоғары. Қызылмия тамырына деген әлемдік сұраныс жылына 100 000 тонна болса, оның әлемдік қорының 80 пайызы Қытай мен Ауғанстанда. Қоры азайғанынан бағасы да өсті. Қызылорда және ОҚО-да 1059-дан 20 000 гектарға дейін қоры бар… Қызылмияда глицерин қышқылы 3-7 пайызға жетеді. Медициналық және косметикалық дәрі-дәрмектерге сығындысы алынады.

Гүлжан ЖҰМАШ