«ЭКСПО-2017» көрмесінің «сурет-керуені» күнгейге келді

780

«EХРО-2017» халықаралық көрмесінің жылжымалы керуені күнгейге келді. Дәлірегі, Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы тың туындыларын алдымен Оңтүстікке келіп, экспозициясымен таныстырды. Жерлестеріміздің назарына ұсынылған еңбектер енді төрткүл дүниенің талғамымен таласпақ.

Болат Тұрғынбаев

Болат Тұрғынбаев — суретші. Қоғамдағы қайбір құбылысты суретке сыйғызып, қылқаламымен қаузап жүргеніне 40 жылдан асқан. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының тәжірибелі педагогы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көркемсурет академиясының академигі «Expo-2017» халықаралық көрмесіне тосынсый жасауды ұмытқан жоқ. Автор «Жеті қат» атты әлі бояуы кеппеген тың туындысын тарту етпек. Айтуынша, еңбекті ерекше бейнелеуде қайталанғысыз қолтаңбасы сеп болған.

Болат Тұрғынбаев,суретші: «Суретте ең алдымен мағынасына баса назар аударамын. Тек бояудың емес, жандүниемді сезініп, сосын ғана бейнелеймін. Бояулардың түрлі қабаттары болады, жоқ деген түстің өзін жасайтыным бар. Бұл — менің қолтаңбам! Әлемдегі белгілі өнертанушылардың өзі менің еңбектерімді жазбай таниды. Осы жеңісіме қуанамын!»

«Ширек ғасыр өрнектері — 25 х 25» атты көрмеге тек Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының педагогтары мен шәкірттері келіп, қатысты. Дегенмен, мәдени шарадан өнер иелерінің тың туындыларынан басқа еліміздегі аты аңызға айналған тұлғалар мен еңбеккерлердің қолынан шыққан дүниелерді де кезіктіресіз. Ал игі бастаманы қолға алған белсенді топтың айтуынша, бейнелеу өнерінің тақырыппен тоғысуы үшін шежірені қаузаған.

Күнгейліктер төрткүл дүние көз тіккен «Expo-2017» көрмесіне ұсынылатын еңбектерді алғашқылардың бірі болып көрді. Етене танысуға мүмкіндік алды. Тұрғындарды әсіресе ұлттық нақыштағы шығармалар қызықтырғанын байқадық.

Айта өтейік, «Expo-2017» халықаралық көрмесінің «жылжымалы керуені «аясында Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұжымы күнгейге арнайы келіп, бір емес, 100-ден астам бейнелеу өнері және гобелен-кілемшелерін тұрғындарға таныстыра алды.