Күнгейде тіл жанашырларының байқауы өтті. Нақты айтқанда Оңтүстікте тұңғыш рет халқымыздың мирас-мұрасы — мақал-мәтелді жатқа айтушылардың жарысы ұйымдастырылды. Ұлттық сөз ұғымын ұлықтайтын мәдени шараны біз де бақылап қайттық.
Алдымен сахна алдындағы дайындық бөлмесіндегі жағдайды көзіміз шалды. Үміткерлердің бірі — мақалдың мәтелмен ара-жігін ажыратып жатса, екіншісі сөздің мәйегін жаттап әлек. Қатысушылардың қатарынан Қалшабековтер жанұясы да көрінді. Өзі педагогика саласында қызмет ететін кейіпкеріміз қос бірдей перзентіне де жасынан жақсы сөздің жарым ырыс екенін жаттатқан. Енді Шардара ауданының намысын қорғайтын отбасы ой-кеңесін көпшілік алдында кәнігі қара сөзбен емес, нақыл сөзбен жеткізуге машықтанып келіпті.
— Балаларыма 3 жастарынан бері мақалды жаттатып келемін, таңғы ас уақытында міндетті түрде 10 мақал жаттаймыз. Осылайша ұлым Нұрсұлтан — 300, қызым Баян 250-дей мақал-мәтелді жатқа айтады. Жеңістің төрін бағындырамыз деген ойымыз бар, — дейді Орынша Қалшабекова.
«Мақал — сөздің мәйегі» облыстық өнер байқауы биыл Оңтүстікте тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Халқымыздың мирас-мұрасын дәріптейтін жарысқа аудан-қалалардан 20 отбасы жолдама алған.
Ұйымдастырушы тарап — облыстық тілдерді дамыту, архивтер және құжаттама басқармасы басшылығының айтуынша, өнер бәсекесінің қатысушыларға қояр шарты жоғары және ерекшелігімен де ескерілген. Яғни, сайыста бүтін бір отбасының білім-сауаты сарапқа салынады. Үміткерлердің өзімен бірге жанұясындағы жас пен жасамыс та сөздің төркін-мәйегін меңгеруге міндетті.
Қасым Ағабеков, облыстық тілдерді дамыту, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары: «Ең алдымен мақалды жай емес, оның мазмұнын түсініп айтуын қадағалаймыз. Сосын сахналық киімі мен сөз мәнері, тіл тазалығы ескеріледі. Жаттау қабылеті мен білетін мақалының санына да қараймыз».
Сонымен, халқымыздың бейнелі поэтикалық жанрын жаңғыртатын жарыстың бас бәйгесін Отырар ауданынан келген Сапарбаевтар отбасы жеңіп алды. Жеңімпаз жұняға 90 мың теңге қаржылай сый тапсырылды. Айта өтейік, осынау мақал мен мәтел — нақыл сөздің ұғымын ұлықтап, ел арасында дәріптеу үшін қолға алынған байқаудың жоғары деңгейде өтуіне қазынадан 700 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты.