Бүгін, 18 мамыр — халықаралық музей күні. Осыдан 40 жыл бұрын Мәскеуде қолға алынған мереке жыл сайын күнгейде де ескерусіз қалмайды. Айтулы датаның құрметіне орай, өңірімізде дәстүрлі «Музейлер шеруі» байқауы мәресіне жетті. Осынау 30 күнге ұласқан сайысың жеңімпаздарын құттықтап, Бас мұражайда (облыстық тарихи-өлкетану мұражайы) өрбіген «ашық есік» шарасына арнайы бұрылдық.
Күнгейдегі бас мұражайға, ондағы тарихи дүниелерді көріп танысуға асыққандардың қарасы қалың. Мәдени мекеменің мамандары да тосылған жоқ: әр келушіні мерекелік көңіл-күймен қарсы алып, мұндағы 97 жылдық тарихты бойына бұққан жәдігерлер жөнінде толығырақ айтып берді. Келушілердің басым басым бөлігі — мектеп оқушылары. Бұл күні тұрғындарға жәдігерлерді тегін көріп, тамашалауға мүмкіндік туды.
Сұлтан Мұратов, №76 мектептің оқушысы:»Мұражайға алғаш рет келіп отырмын. І дүние жүзілік соғыстан қалған қару-жарақтарды көзіммен көрдім. Сондай-ақ, Кенесары Қасымовтың қылышына да қызығушылығым ауды. 1931 жылы мұражайдың еншісіне өткен осы жәдігердің қасында суретке түстім. Өзім де болашақта әскери маман болып, Еліме адал қызмет етемін».
Археологиялық және жаңа дәуір көрмесін қоспағанда, әшекейлер жиынтығы да көпшілік назарына ұсынылды. Мәдени ошақта өткен ғасырдың сырын сақтаған күмістен соғылған жәдігердің саны санаулы – 323 дана. Мамандардың айтуынша, сәндік бұйымдар сол құнды қалпын сақтауы үшін арнайы күтімді қажетсінеді.
Айгүл Төлендиева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері: «Бұл әшекейлерді ХХ ғасырда қыздар, әйелдер қауымы тіл-көзден сақтасын деп тағынған. Дүниелер 1937 жылы мұражайға әкелініп тапсырылды. Енді бұйым дәл осы қалпын сақтауы үшін қараңғы бөлмеде, шыт матаға қаптап, 18 градуста ұстаймыз».
Жылына 10 мыңға жуық адамды қабылдап, тарихи көне жәдігерлерді таныстыруға қауқарлы өңіріміздегі мәдени ошақтарда қазір 98 мыңға тарта дүние сақталып жатыр. Жәдігерлердің осылай жасақталып, толығуы үшін қазір тың жобалар қолға алыныпты.
Нұрболат Ахметжан, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: » 1 жылдың өзінде өлкетану музейіне экспонаттарды сатып алу үшін, бюджеттен екі жарым миллион теңге бөлінді. Сол сияқты қаржы барлық музейлерге қаралып келеді. Сондықтан, біздегі жәдігерлердің саны жыл сайын 10-15 пайызға артып отырады».
Дәстүрлі мереке — музей күнінде сала мамандарының да еңбегі еленді. Бұл күні облыстық «Музейлер шеруі» байқауы мәресіне жетті. Сонымен, 30 күнге ұласқан сайыста жүлделі 3-орынды Қажымұқан атындағы спорт музейі, Арыс қаласындағы және Бәйдібек аудандық көркем-сәулет мұражайы жеңіп алды. Екінші орынды Төлеби аудандық және облыс орталығындағы мақта шаруашылығы тарихының музейі өзара бөлісті. Бірінші орыннан Руханият — Әбу Нәсір әл-Фараби музейі көрінді. Ал басты бәйге — бас жүлдеге киелі шаһар Түркістандағы тарихи-мәдени этнографиялық орталық лайық деп табылды. 6 жыл бұрын қызметін бастаған мәдени мекеме 500 мың теңге қыржылай сый-тартумен марапатталды.
Гүлжанат Дүйсенбаева, тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың директоры : «Өте қуаныштымын, бұл — біздің ұжымның еңбегі. Жұмысымыздың ескеріліп, еленіп жатқанына разымын! Біздің орталық 6 жыл бойы аудан-қалаларды аралады. Ел арасында көне экспонаттарды іздестіру бастамаларын қолға алып, жүзеге асырды. Осы жолмен көне жәдігерлерді жасақтадық, ал қазіргі жоспар — аталған жәдігерлерді көпшілікке танытып, тарихты жаңғырту».
Айта өтейік, бүгінде ел аумағында 232 музей бар, соның 25-і Оңтүстік өңірінде қызмет етеді.