«КСРО батыры атағын алып тұрып, айрылып қалды»

336

Осы жұрт әкеміз Мәжітбек Мұсаұлының КСРО батыры атағын алып тұрып, айрылып қалғанын біле ме екен… Тумасынан мақтанып, «мен осындай едім» деп өзін басқадан артық санамайтын әкем көп тыңдап, аз сөйлейтін сабырлы кісі еді. Әкемізді мақтана да сағына да еске ала отырып, осы бір жасаған ерлігін айтқым келді.

Әкем Мәжітбек 1922 жылы қаңтардың 1 жұлдызында Арыста дүниеге келген. 1939 жылы Темірлан атындағы 7 жылдық орта мектепті бітіріп, содан соң Шымкенттегі мұғалімдер даярлайтын педагогикалық училищеге түсіп, оқып жүргенде Кеңес Армиясы қатарына шақырылған.

«1942 жылы наурыздың 10 жұлдызында отправка жасалдым. Бізді Алматы қаласына әкеліп, 543-атқыштар полкіне жіберді. Содан 393-дайындық атқыштар батольонында 3 ай курсант болып оқыдым» деп айтатын әкем.

Сол жылы мамыр айында Саратов облысының Ташиев ауданында дайындықтан өтіп, 1942 жылы қыркүйек айында Сталинград майданына жіберілген. Соғыста аяғынан жараланып, Саратов қаласындағы госпиталда емделеді. Емделіп шыққан соң Волхов майданына жіберіледі. Волхов майданынан кейін 3 ай дайындықтан өтіп, гвардия сержанты атағын алады. 1942 жылдың соңында әкемді Ленинград қаласының қоршауын бұзуға, яғни, блокададағы Ленинградты қорғау майданына жібереді. Ленинград майданында әкемді партия қатарына қабылдайды.

Сталинград, Волхов, Ленинград майданында соғысып, ерлік көрсеткен әкеміздің әңгімесін жаза берсек бір кітап болар еді. Ленинградты босатқан соң Выборг қаласына дейін жетеді. Выборг қаласындағы шайқаста жаудың пулеметі оқ боратып, алға жүруге мүмкіншілік бермейді.
Сол кезде әкеміз 1076 – атқыштар полькінде аға взвод командирі болған екен. «Көп ойланып жатпай «Отан үшін, Ел үшін алға!» деп окоптан шығып, сол қолыма граната және екінші қолыма автомат алып алға жүгірдім. Гранатаны лақтырып, жаудың станковый пулеметін жойып жібердім. Осылайша шабуылға жол аштым» деп тебірене еске алып, кейде күлімдеп, кейде жылап айтып отырушы еді.

«Станковый пулеметті жойып жібергені үшін маған «Герой» атағын берді. Выборг қаласына кірген соң ауыр жарақаттанып госпиталға түстім. Госпиталда жатқанымда артынан «Герой» атағын емес, Алғыс хат пен «Қызыл жұлдыз» орденін әкеп тақты» деп айтатын әкем.
Бұл 1944 жылғы болған соғыстың бір эпизоды ғана. Әкемнің әңгімесін толығымен жеткізу мен үшін өте қиын. Оқ борап, үскірік аязда өткен бетпе-бет «штыковый бой» туралы әңімесін тыңдаушы едім.

Әкеміз Мәжітбек соғыстан оралған соң анамыз Гүлсараға үйленіп, 3 ұл 4 қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Аудандық және селолық советке депутат болып, өмірінің соңына дейін қызмет жасап, Ордабасы ауданының құрметті азаматы атағын алды.
Әке, сіз ортамызда жоқсыз. Артыңызда қалған ұл-қыз, немере-шөберелеріңіз үшін үлкен тарихсыз. «Әкеміз батыр болған» деп сағына, мақтанышпен өзіңізді еске аламыз. Сіз асыға күтетін 9 мамыр Жеңіс күні мерекесі де таяп қалды.

ҰОС ардагері Мәжітбек Мұсаұлының ұрпақтары

Айтпақшы…

Абай саябағында Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналып салынған «Даңқ мемориалы» кешені бар. Қазір онда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Кешенде Ұлы Отан соғыс ардагерлерінің аты-жөні жазылған тақта бар. Мұндағы тізім әр жылы толығып отырады. Мәселен, өткен жылы ҰОС қатысқан тағы 49 адамның есімдері анықталып, олардың есімі аудан-ауданына сәйкес осы тақтаға 2017 жылдың басында енгізілді.

Ал биыл жыл басынан бері тағы 3 қатысушы есепке қосылған. Жыл соңына дейін есепке алыну жалғасып, жинақталып, келер жылдың қаңтарында «Даңқ мемориалы» кешеніндегі
тақтаға енгізіледі.

ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАНДАР

Қазіргі таңда облысымызда Ұлы Отан соғысының 238 ардагері бар. Олардың ішінде 106-сы Шымкент қаласында тұрады.

  • Арыс – 7  
  • Бәйдібек – 4
  • Қазығұрт – 12
  • Кентау – 7
  • Мақтарал – 9
  • Ордабасы – 5
  • Отырар – 5
  • Сайрам – 18
  • Сарыағаш – 12
  • Созақ – 6
  • Төлеби – 13
  • Түркістан – 21
  • Түлкібас – 13
  • Шымкент – 106
  • Жанерке ХУМАР