Оңтүстіктің дәрігерлері дабыл қағады. Сайрамдағы екі қабатты үйлердің ауласындағы кәріз жүйесі апатты жағдайда. Тез арада шара көрілмесе, мұнда оба, тырысқақ сияқты қауіпті аурулардың ошағы тарауы әбден мүмкін. Жағымсыз иісті былай қойғанда кәріз жүйесіндегі қалдық өзенге ағуда. Бұл экологиялық қана емес, эпидемиологиялық апат дейді сала мамандары.
Мұндағы кәріз жүйесінің қалдығы тұп-тура Сайрам су өзеніне құйылуда. Бұл — шалғай ауыл емес, Шымкент қаласының құрамына жақында енген Сайрам тұрғын алабы. Осы төңіректе тұратын жамағат шағымдарын айтып, әкімдік, эпидемиологтар мен мәслихат депутаттарына дейін жеткендерін айтады. Жағымсыз иіс осы аймақта, әсіресе, екі қабатты үйлердің ауласынан шығады. Мұндағы кәріз жүйесінің апатты жағдайға жеткеніне 3-4 жыл болды дейді Сайреми көшесінің тұрғыны Ануар Хадиметов. Біз жасарымызды жасадық, балаларға обал дейді ақсақал.
Қалдық пен шайынды суға толған кәріз құдығының, жалпы жүйенің пайдалануға жарамсыз екенін эпидемиологтар Шымкент қалалық әкімдігіне жеткізген. Ал дәрігерлер осындағы тұрғындардың денсаулығына алаңдаулы. Тез арада жүйе жөнделмесе, бұл төңіректе жұқпалы аурулар ошағы пайда болуы әбден мүмкін дейді сала мамандары.
Кезінде автожөндеу зауыты салған үйлерде тұратындардың басы қосылса, айтары осы — кәріз жүйесінің жағдайы. Үй төрайымы Шахсанам Нұрметова биліктегілер бұл жағдайдан хабардар екенін көршілеріне түсіндіріп, мәселе шешілетін айтып жұбатуда.
Таяуда Шымкент қаласы әкімдігі Сайрамдағы тозығы жеткен кәріз жүйесін биыл күрделі жөндеуге тапсырыс беріпті. Бүгін Еңбекші ауданы әкімдігінде тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің өкілдері мен жүйені жаңалайтын мердігерлер кездесіп, алдағы атқарылатын жұмыстарды пысықтап алады.
Жәнібек Айдарұлы, «ГСК-Строй» ЖШС өкілі: «Жобаның құны — 3,3 млн теңге. Кәрізді жаңалаймыз. Өзекті болған кәріз жүйесінің қазіргі диаметрі 120 мм құбырды 200 мм-ге алмастырылмақ.»
Мердігер құрылысты бастамас бұрын тұрғындармен, жаңаланатын кәріз жүйесі бойында орналасқан мекеме, нысандардың иелерімен кездеспек. Алда атқарылатын жұмыстардың кестесі таныстырылады. Бұл тұста ескеретін жайт, күрделіктер туындамаса құрылыс жұмыстары 4 айда аяқталуы тиіс.