Шардара ауданының әкімі есеп берді

1080
Шардара ауданының әкімі есеп берді

Елбасының кезекті жолдауындағы тапсырмаларды орындауға Шардара ауданының әкімдігі де кірісті. Бірінші басымдық — экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы бойынша ауданда 36 гектар аумақта индустриалды аймақ құрылған. Бұған қоса Шардара ауданы балық өңдеу бойынша облыс көлемінде көш бастап тұр. Шаруа қожалықтары жаңа инновациялық әдістерді кеңінен қолданып, пияз өсіруді жолға қойған.

Шардараның балығын білмейтін жан жоқ шығар. Былтыр ауданда жұмыс істеп тұрған 3 зауыт 4 мың тоннаға жуық балық өңдеп, 3,2 млрд теңгенің өнімін өндірген. Оның 80 пайызынан астамы шетелдерге экспортталыпты. Жақында ауданда жылдық қуаттылығы 600 тоннаны құрайтын «Саодат» балық өңдеу зауыты іске қосылып, 30 адам жұмыспен қамтылды.

Алдағы уақытта жаңадан ашылған кәсіпорындар есебінен балық өнімдерінің көлемін 30 пайызға арттыру жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында Шардара ауданында 29 ауыл шаруашылығы кооперативіне екі жарым мыңнан астам адам 40 мың гектар жер үлестерімен бірігіп, жұмыс жасауда.

Жаушықұм ауылындағы «Иіржарагро» компаниясы инновациялық әдіс арқылы 300 гектарға шитті мақта егіп, гектар түсімін 50 центнерден айналдырып келеді.

Ауданның даму бюджетіндегі қаржылар негізінен тұрғын үй, инфроқұрылым, ауыз су және елдімекендерді газдандыру салаларын дамытуға бағытталған. Аудан әкімі есебін осындай мәліметтермен аяқтады.