Шымкентте қысқы жылыту маусымына дайындық басталды

696
Шымкентте қысқы жылыту маусымына дайындық басталды

Шымкентте келесі жылыту маусымына дайындық басталып кетті. Әл Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері көпқабатты үйлерді қысқа дайындау жұмыстарына кіріскен. Халыққа коммуналды қызмет көрсететін аудандағы 7 серіктестік көпқабатты үйлердің тұрғындарымен келісім-шарт жасасуда. Ол құжатқа сәйкес коммуналшылар жылу жүйесін толық сығымдаудан өткізіп, тозығы жеткен құбыр бөлшектерін жаңалайды. Одан бөлек бұл мекеме үйдің подъездерін және аулаларды тазалау міндетін алған.

Әл Фараби ауданына қарасты Тәуке хан даңғылындағы №32 үйдің жылу жүйесін алдағы жылу маусымына «Спецкомплект Сервис» мекемесі әзірлеуде. Арнайы бригада қазіргі таңда жүйедегі ескірген ысырмаларды алмастырып, бұған дейін жасалған ақау актісінде көрсетілген олқылықтарды жоюға кіріскен. Жұмыс барысында жұмысшылар жертөледегі құбылардан бастап тіреуіштерді пластикалық құбырларға жаңалайды.

Бүгінде Әл Фараби ауданындағы 665 көпқабатты үйдің 392-і коммуналды қызмет көрсететін мекемелермен келісім-шартқа тұрған. Мұның тиімді тұсы — бригадалар тек жылу жүйесін қыс мезгіліне дайындап қана қоймай, жылу беру маусымында туындаған күрделіктердің барлығын жояды. Оған қоса серіктестіктің арнайы бригадасы ауланың тазалығын да мойнына алады.

Шымкентте қысқы жылыту маусымына дайындық басталды

Дәурен Босымбаев, Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Жеке үй тұрғындары үйінің мұржасын тазалап, қысқа дайындалады. Көпқабатты үйлердің тұрғындары да осылай дайындалуы керек. Қазір біз халықпен кездесіп, осыны түсіндіріп жатырмыз.»

№32 үйдің тұрғындары коммуналшылармен келісім-шартқа тұрған кезден бастап проблемалардан құтылдық дейді. Былтырдан бері пәтеріміз жылы, үйіміз және ауламыз таза деп қосты.

«Өздеріңіз байқадыңыздар, қысқа қазірден қамданып жатырмыз. Жылу маусымында еш күрделілік болмайтынына сенімдіміз. Компания міндеттерін толық орындауда. Сығымдау жұмыстары да ерте өтті. Ауламыз да, үйіміз де таза. Рахмет, еңбектері жансын.»

Шымкентте қысқы жылыту маусымына дайындық басталды

Ләззат Жылқыбаева басқарған бригада аптасына бір рет келіп, үйге кіреберістегі алаңнан бастап текпешектерге дейін жуып-тазалап, ауланы да сыпырып, қоқысты шығарып кетеді. Биылғы жауында мол өскен шөптер де орылып, үйдің алды көріктендірілуде.

Әрине, тұрғындар да белсенділік танытып, тек өз аулаларын ғана емес, қаланы көріктендіруге атсалысуы керек. Осындай көзқарас қалыптасса ғана үйлерді жылу маусымына дайындауда күрделіліктер туындамасы анық дейді коммуналшылар.