Шымкенттегі теміржол вокзалын автобустар заңсыз аялдамаға айналдырды

444

Шымкенттегі теміржол вокзалының аумағын заңсыз аялдамаға айналдырып, Астанаға жолаушылар тасымалдау ауыздықталмай отыр. Бір қызығы, тиісті тұраққа тұрудан бас тартып, жылдар бойы салықтан жалтарғандардың әрекеті бүгінге дейін қараусыз келген. Тіпті, жол-патрульдік полициясының қызметкерлері де қаланың қақ ортасында заңды белшесінен басқандарды байқамай, айыппұл салмапты. Мәселені көтерген Әл Фараби аудандық әкімдігі заңсыз әрекетті әшкерелеу үшін вокзалға тағы да барды.

Талап-ережені, заңды айтып тиісті мамандардың төтеннен келіп қалуы – теміржол вокзалы маңында тұрған автобус иелеріне тосынсый болды. Себебі бұған дейін жылдар бойы, тиісті тұраққа барудан бас тартып, салықтан жалтарғандарға ешкім түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жазаламаған. Жүргізушілер «учаскелік полицияның қарасын да көрмегенбіз», – деп отыр. Сондықтан болса керек, бұл жолы да вокзал аумағы, тіпті қақ алдында тұрып алып, жолаушылар жинап, тасымалдауын жалғастыра берді.

– Астанаға бара жатырмын. Билетті 5 мың теңгеге сатып алдым. Бұл автобустарға жиі мінемін, жиі жол жүремін. Қарағандыға да көбіне осы көлікпен барамын, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ақмарал Саттарқызы.

Анықталғандай – кешқұрым вокзал аумағынан бір емес, екі бірдей автобус табылды. Жағдайға қаныққан көліктің бірінің иесі –  ізім-қайым жоғалса, екіншісі түсіндірме жұмыстарын түсінуге құлықсыз. Тіпті көлік қоюға тыйым салынған бұл тұрақты меншіктеп алуға қауқарлы екенін айтып қалды.

Мира Нәлібаева, автобус иесі: «Дәл осы жерді керек болса, сатып аламын. 10 жылдан бері осында аялдап, халыққа қызмет етіп келеміз. Ал тиісті автотұрақтар кәдімгідей төлемдерді өлшеп қойған. Ақша сұрайды, тіпті 5 мың АҚШ долларына дейін сұрап, сосын кіргізеді. Шымкентте бәрі де заңсыз! Заңсыз жерлер көп қой. Соның бәрін құртса ғана, мен де қос қолымды көтеріп, бұл жерді босатамын! Оған дейін кетпеймін, себебі осы кәсіптен түскен теңгеме жан бағып, бала-шағамды асырап отырмын».

Әл Фараби аудандық әкімдігі бастаған топ мұндай автобустармен күресті қазір емес, жылдар бұрын бастағанын айтады. Аудан әкімі орынбасарының сөзіне сенсек, заңсыз әрекетті әшкерелеу үшін талай рет тиісті орындарға – жергілікті полиция мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, өзге де мекемелерге мәселені айтып, хат жолдаған. Бірақ бүгінге дейін мардымды жауап алмапты. Ал жол-патрульдік полициясының қызметкерлері тіпті қаланың қақ ортасында заңды белшесінен басқандарды байқамайтынын байқатты. Ескерту түгел, айыппұл салуға асықпаған.

Серік Нұрманов, Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Қазіргі уақытта теміржол вокзалының аумағында 3 автобус бар. Біз бұл ғана емес, тағы бірқатар мұндай заңсыз автотұрақтарды анықтап, тиісті мекеме – жергілікті полицияға айтып, аптасына 3 рет хат жолдаймыз. Бірақ нәтиже жоқ. Қарамайды. Сосын заңсыз орынды паналағандар ойына келгенді істеп, заңсыз жұмыс атқарып жатыр қазір».

Бұл жолы тек әкімдіктің арнайы шақыртуымен ғана оқиға орнына жеткен жол-патрульдік полициясының қызметкерлері жылдар бойы заңсыз орынды меншіктеп, аялдама-тұраққа теңеп келген автобустарды алғаш рет көрген кейіппен алғаш рет айыппұл салды.

Мирас Ибраимов, жол-патрульдік полициясының сержанты: «Автобустарға тиісті әкімшілік-құқық бұзушылық бойынша, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде хаттама толтырылды. Бірінші рет тіркелгендіктен, сол соманың жартысын ғана төлеуге мүмкіндігі бар. Ал егер жағдай қайталанатын болса, айыппұл екі еселенеді».

Сонымен, тиісті айыппұлдың хаттамасы жазылды. Бірақ, Астанаға бағыт алған автобустар аялдаған жоқ, енді мәселеге құзырлы орган өкілдері білек сыбына кіріспесе, санаулы сағаттардан соң автобустар шаһарымыздағы темір жол вокзалындағы жылы орны – заңсыз тыйым салынған тұраққа тағы да келіп, жайғасуы әбден мүмкін.