Шымкенттің жеке секторы көріктендірілуде

Қазақстанның үшінші мегаполисі атанған Шымкентте жергілікті биліктің тапсырмасымен таяуда негізгі көшелерді абаттандыру жұмысы қолға алынған болатын. Қазіргі таңда көпқабатты үйлердің қасбеті ажарланып, әр кіріп қалды. Енді жеке секторға да көңіл бөліне бастады. Негізгі көшелердегі коммерциялық нысандардың қоршаулары мен ғимараттар біркелкі эскиз бойынша боялып, әрленеді.

Тәуке хан даңғылы бойындағы үйлерді, шарбақтарды ретке келтіру міндеті «Шымкенттранссервис» мекемесіне жүктелген. Жұмысшылардың өздері бұл біздің сүйікті қаламыздың көркіне қосқан үлесіміз дейді. Жауапкершілікті мойнына алған мамандар өз ісіне тиянақты кіріскен. Нәтижесі қала тұрғындары мен қонақтарының көз алдында, сондықтан ұжым бар күшін салуда дейді мекеме басшысы.

Еңбекші ауданы әкімдігі ауданды аббаттандыруға осылайша демеушілерді тартуда. Бұл игі бастама барысында кәсіпорындар көп шоғырланған ірі ауданда көшелер мен аулалар кезеңімен көріктендіріледі. Айта кететін жайт, қараусыз қалған, аз қамтылған отбасылар тұратын жеке сектордағы үйлердің қасбеті мен шарбақтарын ретке келтіру жұмыстары бюджет есебінен емес, мекемелердің көмегімен жүзеге асуда.

Тәуке хан даңғылының Сайрам мен Жолдияр Алдияров көшелерінің аралығындағы бөлігін аббатандыру жұмыстары ары қарай Сайрам мен Желтоқсан көшелерінде жалғасын табады. Ескеретін жайт, көріктендіру жұмыстарынан коммерциялық нысандар да шет қалмайды, олар да өз аумақтарын тазалап, қажет болса ғимарат пен қоршауларды қала әкімдігі ұсынған эскиз негізінде әрлеуде. Осы орайда қоғам белсенділері қаланы көркейтуге атсалысуға шақырады.

Шырайлы Шымкент шаһары жылдан жылға өзгеріп, жаңалануда. Бірігіп көтерген жүк жеңіл демекші, әр тұрғын өз үйі, ауласы мен көшесін таза ұстаса, сенбіліктерде белсенділік танытса, сүйікті шаһарымыз ең әсем қала атанары сөзсіз.