Оңтүстіктегі шалғай ауылдардың біразының бүгінгі кейпі қалаға жапсарлас жатқан кей елдімекендерден көш ілгері. Мәселен, Төле би ауданындағы Сарқырама ауылы абаттандырылып, жасыл желекпен көмкеріліп келеді. Біркелкі қоршалған үйлердің алдына түрлі сәнді ағаштар отырғызылып, көгалдандырылып жатыр.
Ақсу өзенін бойлай орналасқан Сарқырама ауылы күннен-күнге көріктеніп келеді. Орталық көше бойына орнатылған мына тас мүсіндер алыстан мен мұндалап тұр. Табиғи тастардағы барыс пен бүркіттің, лағын ерткен елік бейнесінің таңдалып алуында да мән бар. Себебі бұл аң-құстар осынау өзен бойында кездеседі.
2,5 шақырымды алып жатқан орталық көше бойындағы үйлердің сырты біркелкі қоршалып, 300 сәнді ағаш пен 3 мыңнан астам раушан гүлі егіліп жатыр.
Жас келсе — іске дегендей, ауыл тұрғыны Данияр Жақсыбаев көшені көгалдандыруға білек сыбана кірісіп кеткен. Билік өкілдерінің бастамасына бей-жай қарай алмаған тұрғын қолына күрек алып, үйінің алдын көркейтіп жатыр.
Бұрын-соңды жарықтандырылмаған орталық көшенің бойына бағаналар орнатылған. Ал жаңартылған арық-атыздардан ағып жатқан судың айналадағы жасыл желекті күтіп-баптауда көмегі зор.
Дегенмен, облыстық маңызы бар бұл жолды жөндеу әзірге мүмкін болмай отыр. Жергілікті билік өкілдері жауаптыларға нысанды орташа жөндеуден өткізуге ұсыныс бердік деп сендіреді. Енді аудан бюджетінен қаражат қаралса, жыл аяғына дейін бұл мәселе де шешімін табуы тиіс.