Жаздың сәні – ретро

592

Сән әлемінің трендттері біз ойлағаннан да жылдам өзгереді. Жақында ғана бір сәнді көйлекті алып кисең, аз-кем уақытта тағы бір дүние жарқ етіп шығады. Ал қазір сәнгерлер 2017 жылдың көктемі мен жазында не ұсынғанын сүзгіден өткізелік.

№1 тренд

Көктем мен жазда 80-жылдарға қайта ораламыз. Сәнгерлер сол жылдарды ең жабайы және «талғамсыз» кезең деп атаған. Банан-шалбар, иығы биік, жеңі кең көйлектер, металды жылтырақ түстер және алып әшекейлер осы жылдары көрініс берген. Биыл сол үлгілер заманауи түрмен қайта жаңарып келді. Жас қыздарға киімнің ұзыны да қысқасы да жарасымды. Ендеше қысқа киетіндерді ұнатындарға жағымды жаңалық. Алдағы жазда қысқа көйлек, шолақ шалбар (шорты) белдемшені жакет, жемпір, желетке, спорттық күртешемен үйлестіріп кию сәнде. Тым дөрекі көрінбеу үшін жалпақ табанды аяқ киім және бөксені жабатын ұзын жилет киюге болады.

№2 тренд

Жазда күнделікті киетін жеңіл көйлектерге дизайнерлер жылы түсті көбірек қосуға тырысқан. Таңдау кезінде сары, қызыл-жасылды, алқызыл түстерден тартыншақтаудың қажеті жоқ. Жазғы көйлектердің үлгісі, түсінде мынадай ерекше белгілер байқалады.

1.Бірнеше қайталанған желбіршектер, бүрмелер және қолдан кестеленген өрнектер салынады. Әйел затының нәзіктігін айқындай түседі.
2.Этникалық өрнектер салынған үлгілер. Айталық, көйлекті түрлі-түсті жапырақтар мен гүлдер көмкеріліп, жаздың табиғатын одан сайын ажарландырады.
3. Кез келген үлгідегі киімдерде аралас гүлдер шоғыры, геометриялық суреттер, логотиптер көрініс табады.
4.Ұзын көйлектер мен белдемшедегі ұзын қиықты үлгі өткен жылы да сәнде болды. Дегенмен, мұны ұзын, сымбатты қыздардан өзгесі ұқыптылықпен үйлестіре алмаса, жарасым тауып кетуі неғайбыл.

№3 тренд

Қыз-келіншектер үшін биік өкшелі аяқ киім маңызды емес. Сондықтан сәнгерлер ыңғайлы жайтабан аяқ киімдердің сан үлгісін ұсынып жатыр. Кроссовка, платформа кроссовка, шүберек кеды. Оларды ұзын көйлек, қысқа белдемше немесе шалбармен жарасымды етіп, таңдай аласыз.
Күнделікті қыдыруға, жазғы шомылу маусымы, саяхаттауға бауы байланатын аяқ киімдер енеді.

№4 тренд

Көктем мен жазда ұстайтын сөмкелер сары, қызыл секілді бір түсті болғаны дұрыс. Былғарыдан тігілген сөмкелер сәннен қалмайды. Үлкен шынжыр, қандай да бір заттың бейнесімен айрықшаланады. Қабылан түстес шағын клатчтар салтанатты кештерге ғана жарамды болмақ. Сөмкемен үйлестіріп, түрлі-түсті белдіктер тағу әйел затының белін одан сайын әдемі етіп көрсетеді. Бұл да биылдың жаңа сәні.

№5 тренд

Мойынға тағатын жіңішке металл сым, лента (чокера) әшекейі мен құлаққа сыңарсыз сырғаларды тағу биылғы сәннен қалмайды. Нәзік моншақтар немесе жіптен қолдан дайындалған сырғалар да сәндегі киімдермен жарасым табатындықтан таңдау жасай аласыз. Білезіктер мейлінше саны көп болса, соншалықты әдемі көрінеді. Бұлардың барлығы жаңа маусымдағы киімнің сән үлгілерімен үйлеседі.

Дайындаған — АЙГҮЛ КЕРІМБАЙҚЫЗЫ